«Том-том болып дүкенде тұрмасақ та, Шаң басқан архивтерден табылармыз...» деп кеңестік тоталитарлық жүйенің бұғауын бұза алмай, арман-шері ішінде кеткен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл — 90 жыл. Тәуелсіздіктің, азаттықтың арқасында ақынның тұлғасы мен мол әдеби мұрасы «шаң басқан архивтерден» шығып, төрден орын алғаны баршаға мәлім. Ал, бүгін қазақтың Мұқағалиы халқымен үлкен экран арқылы тағы бір рет қауышты. Шымкентте Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірілген «Мұқағали» көркем фильмінің премьерасы өтті.
Алғашқы көрсетілімнің алдында шығармашылық топ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Оған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының вице-президенті Айдархан Әділбаев, фильмнің режиссері Болат Қалымбетов, қоюшы суретшісі Ермек Өтегенов, бас рөлді сомдаған актер Асланбек Жанбалаев, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қаламыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.
— Мұқағали жайлы фильм түсіруді осыдан 13 жыл бұрын ойға алған едім. Содан бері шығармашылық ізденісте болып, толғанып, толғатып жүріп осы бір туындыны өмірге әкелдік. Фильмнің тұсаукесер рәсімін қазақ мәдениетінің мәйегі сақталған, ұлттық салт-дәстүріміз үзілмей жалғасып келе жатқан қала — Шымкентте өткізуді жөн деп шештік. Оңтүстік өңір — даңқты батыр Бауыржан Момышұлының, Мұқағалидың рухани досы, сырласы Шәмші Қалдаяқовтың туған өлкесі. Фильмнің тұсаукесерін осындай киелі топырақта, қалың қазақтың ортасында өткізсек, ақынның рухы бізге разы болар деген ниетпен осында келдік. Бізді құшақ жая қарсы алып, премьераны ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсеткен Шымкент қаласының әкімдігіне зор алғыс білдіреміз. Сондай-ақ, қымбатты уақытын бөліп келіп отырған осындағы зиялы қауым өкілдеріне рахмет, — деді режиссер Болат Қалымбетов.
Фильм ақынның өмірі мен шығармашылығын, жан-дүниесі мен тұлғалық кескін-келбетін көрерменге шебер жеткізген. Туындыда Мұқағалидың, оның ұлы Айбардың басына түскен трагедия суреттеле отырып, отарлаушылардың, кеңестік тоталитарлық жүйенің қазақ халқына, оның зиялы қауымына жасаған қиянаты мен озбырлығы көрсетілген. Сол арқылы көркем фильм жас ұрпақты ұлт тарихын тануға, Тәуелсіздікке тәу етуге, бүгінгі азат, бейбіт күннің қадірін білуге шақырып тұрғандай.
Премьерадан соң Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шығармашылық топ өкілдеріне алғыс айтты.
— Мұндай әсерлі фильмнен кейін сөз сөйлеу де оңай емес. Ішімізде сан алуан сезімдер сабылысып, бір-бірімен арпалысып жатқандай. Бас кейіпкерді сомдаған актердің өзі оны көзіне жас ала отырып тамашалады. Демек, бұл кинода адам жанына әсер ететін бір нәрсе бар деген сөз. Бала күнімізден Мұқағали жырларын жаттап өссек те, бүгін оның жеке өмірінің сырларына қанығып, жан-дүниесіне үңіліп, ақын тұлғасын мүлде жаңа қырынан таныдық. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қазақ кино өнері көркемдік деңгейі жоғары тағы бір тамаша туындымен толықты деп ойлаймын. Ал, еліміздің рухани-мәдени өміріндегі осынау елеулі оқиғаның Шымкентте орын алуы біз үшін қуанышты жағдай. Бұл Шымкенттің республикадағы ірі рухани-мәдени орталықтың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Айта кетейік, «Мұқағали» фильмі 21 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.