Шымкенттегі Amanat партиясы филиалының ғимаратында дөңгелек үстел өтті. Басқосуда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселелері, ұсыныс-тілектері тыңдалды.
Қалалық қоғамдық кеңес ұйымдастырған жиынға партия мүшелері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Азаматтық альянс жетекшілері, құрылыс басқармасы және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкерлері, қоғамдық және мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдарының өкілдері қатысты.
– Біздің бұл кездесуіміздің басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға жасалатын жағдайды талқылау. Оның ішінде маңыздысы – қалада көптеп салынып жатқан үйлер мен басқа да ғимараттарда ерекше күтімді қажет ететін жандардың кіріп-шығуына қолайлы пандустар қаралған ба? Осы және басқа да өзекті мәселелерді нақтылап, өздеріңізбен ақылдасып, Қоғамдық кеңестің алда болатын мәжілісінде күн тәртібінде көтеру. Осы мақсатта мүмкіндігі шектеулі жандар мен тиісті басқарма өкілдерін арнайы шақырдық, – деді Шымкент қалалық Азаматтық альянстың жетекшісі Жұмағали Білісбеков.
Қоғамдық кеңестік мүшесі, І топ мүгедегі Мақсат Сәрсенбаев жиында өзекті мәселелерді көтерді.
– Бізді толғандырып отырған ең үлкен мәселенің бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға берілген баспананың ерекше күтімді қажет ететін жандарға қолайсыз болуы. Мысалы, әріптесім Салтанат 10 кезекте тұрып, 2021 жылдың желтоқсан айында пәтер берілген болатын. Алайда ол үй мүлде қолайсыз, есіктері тар, дәретхана талапқа сай келмейді. Екінші мәселе – инватаксидің жетіспеушілігі. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері талқыланып келе жатса да бір шешімі табылмай келеді, – деді Мақсат Сәрсенбаев.
Инватакси бойынша Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев жауап берді.
– Қазіргі таңда қала бойынша 18 көлік арнайы бөлініп, жалпы саны жүріп-тұруы қиын 440-қа жуық мүмкіндігі шектеулі жанды тасымалдайды. Олардың әрқайсысы күніне 200-ден астам өтінім бойынша қызмет көрсетеді. Ең алдымен ерекше балаларды балабақшаға, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс орнына жеткізуге көңіл бөлінеді. Содан кейін қалған жандардың өтінімдері бойынша жұмыс істейді. Иә, инватаксидің жетіспеушілігі бар. Сондықтан, алдағы уақытта тағы 5 көлікке қаржы бөлуді сұрағалы отырмыз, – деді басқарма өкілі.
Ал мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайсыз баспана мәселесі бойынша қалалық мәслихаттың депутаты Бегайдар Төлегенов Қоғамдық кеңес, Азаматтық альянс өкілдері мен халық қалаулыларының қатысуымен жұмыс тобын құруды ұсынды. Ол топ шағымда көрсетілген пәтердегі жағдаймен танысып, алдағы уақытта құрылысы аяқталған үйлерді қабылдау комиссиясының құрамына мүмкіндігі шектеулі жандарды қосу мәселесін көтермек.