​МӘМС: Студенттер мен ұстаздардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды

​МӘМС: Студенттер мен ұстаздардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері жоғары оқу орындарында ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Негізгі мақсат – студенттер мен оқытушылар құрамын МӘМС жүйесінің артықшылықтары және медициналық қызметтердің қолжетімділігі туралы жан-жақты ақпараттандыру, сондай-ақ көпшілікті толғандырған өзекті сұрақтарға жауап беру.

Кезекті кездесу Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде өтті. Жиында атап өтілгендей, күндізгі бөлімде оқитын студенттер мемлекет тарапынан МӘМС жарналары төленетін жеңілдетілген санатқа жатады. Сондықтан олар оқу басталған сәттен бастап автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады. Ал шетелдегі жоғары оқу орындарының күндізгі бөлімінде білім алып жүрген студенттер МӘМС жүйесінде сақтандырылу мәртебесін алу үшін электронды үкімет порталы арқылы «Шетелде оқитын студенттер» бөлімінде тіркелуі қажет.

Кездесу барысында ұстаздардың ұзақ мерзімді демалыс кезеңдерінде сақтандыру мәртебесін жоғалтпау мәселесіне де ерекше назар аударылды. Егер демалыс бір айдан астам уақытқа созылса, жұмыс берушілер МӘМС жарналарын кезең-кезеңімен уақтылы аударып отыруы тиіс.

Аталған іс-шара денсаулық сақтау саласын жетілдіру, азаматтардың сапалы медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру және сақтандыру жүйесінің тиімділігін күшейту бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 82 пайыздан астамы, яғни 1 234 223 адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 700 мыңнан астам тұрғын жеңілдік санатына жатады, бұл азаматтар үшін жарналарды мемлекет төлейді. Ал 231 120 шымкенттік әлі де сақтандырылмағандар қатарында.

#ӘМСҚШымкент #МӘМСШымкент #Денсаулық #МедициналықҚызмет