Мұрат Әйтенов: Алғыс айту күні мерекесінің мән-маңызы зор

Мұрат Әйтенов: Алғыс айту күні мерекесінің мән-маңызы зор

Шымкент қаласының әкімдігінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қаланың әр жерінде ұйымдастырылған мерекелік құттықтаулар мен концерттік бағдарламалар арнайы лэд экран арқылы онлайн режимде көрсетілді.

Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов барша қала тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, Шымкенттің экономикалық тұрғыда дамуына, өсіп-өркендеуіне үлес қосқан әртүрлі сала мамандарына Алғысын білдірді.

«Баршаңызды 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Шуақ шашқан көктемінің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген айтулы мерекенің мән-маңызы өте зор. Бүтін бір ұлт болып ұйысып, егемендігіміздің 30 жылында толағай табыстарға жеттік. Бұл жетістікке Елбасының дара көшбасшылығы мен халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік»,-деді қала басшысы өз құттықтау сөзінде.

Жиында сөз алған Шешен этномәдени бірлестіктігінің өкілі Якуб Дагаев қазақ халқынан ешқашан жамандық көрмегенін, қазіргі күніне шүкірлік ететінін айтса, Роза Пак корей халқының атынан. ақ жүректен, ақ ниеттен туған ізгі тілегін жеткізді.

Еңбек ардагері, 88 жастағы Садыр Хасанов болса: «1944 жылы 12 жастағы бала едім. Қараша айының ызғарлы түндерінің бірінде Сталиннің суық әскері келіп, бала-шаға, әйелдерді тиеп, Ахыска түріктерінен басқа көптеген ұлт өкілдерін де мұздай вагонға күштеп тиеп алып кетті. Пойыздан түскенде бізді қазақ халқы күтіп тұр екен. Ат арбаларга тиеп, үйлеріне апарып, қоныс берді. Әрқайсымызға бір-бір құрт пен наннан беріп, әл жинағанымыз әлі есімнен кетпейді.Қиын-қыстау кезеңде бізге пана беріп, аман қалуымызға ықпал еткен қазақ халқына айтар алғысымыз шексіз. Менің немерелерімнің көбісі түрік тілін білмейді де. Өйткені, біз қазақ халқымен біте қайнасып кеткенбіз», - деді.

Мерекелі жиында әуелі экраннан ұлт пен ұлыстың өткен кезеңдегі тарихы дәріптелген татулық пен келісім туралы «Ғасырлар қойнауынан жеткен алғыс» деректі фильм көрсетілді. Сонымен бірге ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Тәуелсіздік» саябағынан тікелей эфир арқылы Гаврелин Владислав пен Бексұлтан Әлиевтің Алғыс айту сөзі ұсынылып, түрлі этнос өкілдері аспаптарының орындауындағы Құрманғазының «Балбырауын» күйі орындалды.

Ал, егемендігіміздің 30 жылдығына арналған 30 этнос жастарының «Шымкент Арбат» алаңынан «Біз қазақша сөйлейміз» атты репортажы ұсынылса, кеш соңында башқұрт этносының өкілі, белгілі әнші Зейтуна Шафикова Ш. Қалдаяқовтың «Арыстың жағасында» әнін нақыша келтіріп орындады. Мұнымен қоса, қаламыздың Қайтпас мөлтекауданында тұратын түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі, 82 жастағы ақсақал Башат Алиев пандемия кезінде отбасын коронавирустан емдеген дәрігерлерге алғыс айтып, өз тілінде «Жаса Қазақстан» атты әнін шырқады.

Қызығы сол, этномәдени бірлестік өкілдерінің бастамасымен, қаламыздың тұрғындары көп шоғырланған алаптарында құрт тарату рәсімі ұйымдастырды. Бұл акция арқылы олар өздерінің қазақ халқына деген зор ықыластары мен алғыстарын жеткізді. Құрт қорапшасының сыртында «Мың алғыс» деген жазу жазылған.

Фото: Серік Қосай