Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Nur Otan» партиясының фракция мүшелері Берік Бекжановты, Мұхтар Ерманды және Ғани Ташқараевты қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Парламент Мәжілісінің депутаттары сессия аралық кезеңде сайлаушылармен кездесулер өткізіп, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыруға арналған жол картасының орындалуын қадағалайды.
Қала әкімі М.Әйтенов Парламент депутаттары Қазақстан дамуының стратегиялық бағдарламаларын, Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін заң нормаларының қабылдануына үлкен үлес қосып отырғанын айта отырып, олардың қызметіне қала тұрғындары атынан алғысын білдірді. Бұл заң нормалары ең алдымен, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге, әрбір азаматты әлеуметтік жағынан қорғауға, қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал ететінін айтты.
«Nur Otan» партиясының Парламенттегі фракция мүшелері партияның сайлауалды бағдарламасын жүйелі түрде іске асыруға жұмылып отырғандығын айта отырып, осы бағдарлама негізінде жасалған жол картасы әрбір өңірдің өзекті мәселелерін нақты шешуге қызмет ететініне назар аударды.
«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы да партияның сайлауалды бағдарламасының негізінде қаланың дамуына ықпал ететін мәселелер бойынша жол картасы қабылданғанын, оларды табысты іске асыруға мемлекет қаржысының бөлінуіне Парламент депутаттары қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді.
Қала басшысы өз сөзінде партия филиалының нақты іс-қимылын айқындайтын бұл құжат қаланың тұтастай дамуына серпін беретінін айта отырып, алға қойған мақсаттардың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізуге партия мүшелері белсенді түрде қатысуы керек деді.
Айта кету керек, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің
VII шақырылымдағы I сессиясының жұмысы 30 маусым күні аяқталған болатын. Сессия барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары 100-ден аса заң жобаларын қарап, 63 заң жобасы Мемлекет басшысына қол қоюға ұсынылған.
Қалыптасқан саяси дәстүр бойынша Парламент депутаттары өздері сайланған өңірлерге, шалғайдағы ауылдық жерлерге барып, партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы жөнінде сайлаушылармен кездесулер өткізеді. Халықпен тікелей өтетін кездесулердің белгіленген форматы елдегі эпидахуалға байланысты өзгеріп, басымдық құрылыс алаңдарында, еңбек ұжымдарында, өзекті мәселелер санатындағы объектілерде шағын ғана топтармен өтетін кездесулерге беріліп отыр.