«Мулан» қазақша сөйледі

«Мулан» қазақша сөйледі

Шымкент қаласында қазақ тіліне дубляждалған "Мулан" фильмінің премьерасы өтті, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

«Мулан» – «Болашақ» корпоративтік қорының дубляждаған мерейтойлық 35-ші фильм. Бұл Disney студиясының қазақ тіліне дубляждалған және отандық кинопрокатқа мемлекеттік тілде шығатын туынды.

Шымкент қаласында өткен фильмнің арнаулы көрсетіліміне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысты. Ол өзінің сөзінде тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық, ағартушылық өнімдердің көбейіп жатқанын тілге тиек етті.

- Елбасының бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасының түлектері еліміздің зияткерлік әлеуетін көтеруді мақсат еткен түрлі жобаларды іске асыруда. «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасы арқылы голливудтық фильмдерге қазақ тілінде көркем дубляж жасалынып, қазақ көрермендеріне кино-индустриядағы соңғы туындыларды ана тілінде тамашалуға мүмкіндік берді. Жобаның үлкен жетістігі ретінде қазақ тілінің Disney студиясының 39-шы тілі және Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болғанын айту қажет. Кино саласы қазақ тілінде дыбысталған жаңа фильмдермен толығып қана қоймай, елімізде дубляждау ісі де дамуда. Болашақта өзіміздің отандық туындыны әлем елдері өз тілдерінде дубляждайтын деңгейге жетуіміз керек, - деді шаһар басшысы.

Фильмде басты рөлдерді Айгүл Иманбаева, Жәнел Мақажан секілді актрисалар дыбыстаған. Сондай-ақ, Қазақстандық «Nomad Stunts» халықаралық каскадерлер тобы ойнады. «Nomad Stunts» каскадерлер тобы актёр Джейсон Скотт Ли кейіпкерінің таңдаулы әскери жасағын, ал топ жетекшісі әрі трюк қоюшы Жайдарбек Күнғожинов таңдаулы рөлдердің бірін сомдады. Қараша айында Жайдарбек Күнғожинов «Томирис» тарихи драмасында трюктерді қою жұмысы үшін каскадерлік «Оскар», Әлемдік каскадёрлер академиясының «Таурус» сыйлығын иеленген.

Фильм «BI Group» компаниясының демеушілігімен жарыққа шығып отыр. Оны қазақ тілінде ivi онлайн-кинотеатрында да көруге болады.

2011 жылдан бері «Өзіңнен баста» — голливуд фильмдерін қазақ тіліне көркем дубляждау жобасы аясында «Болашақ» корпоративтік қоры «Меломан» компаниясымен бірлестікте жүзеге асырып келеді.

Осыған дейін қазақ тіліне «Walt Disney Pictures» студиясының 15 фильмі, «Walt Disney Pictures» және «Pixar» студиялары бірлесіп шығарған 6 анимациялық фильм, «Sony Pictures» студиясының 6 фильмі, Lucasfilm Ltd. студиясының 2 фильмі, Marvel Studios Inc. студиясының 4 фильмі және Bazelevs студиясының 2 фильмі дыбысталған.