«Мың жүйрік» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Мың жүйрік» байқауының жеңімпаздары анықталды

Үшінші мегаполисте мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдерінің қатары күн санап артып келеді. Бұл сөзімізге қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен алғаш рет өткен республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы нақты дәлел бола алады. Көрме орталығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған этнос балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге арналған байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Салтанатты жиынға қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Шыңғыс Мұқан қазақ ертегілері мен адамзат өркениетінде жарқын із қалдырған тұлғаларды танып-білуге, жастайынан кәсіп таңдауға және өзі туып-өскен өлкесін қазақ тілінде таныстыруға ұмтылған балаларды марапаттады. Ш.Жұмабекұлы жиналғандарды 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, байқаудың маңызына тоқталды.

– Мемлекеттік тіл – халықтардың бір-бірімен ынтымақтасатын, сөз байласатын, түсінісетін, табысатын, татуласатын қарым-қатынас құралы. Мемлекеттік тілді білу – баршаға міндет. Тілдің маңызын арттырып қана қоймай, оны өскелең ұрпақтың бойына дарытуға әрқайсымыз атсалысуымыз керек. Бұл – ортақ міндетіміз. Бала жастан тілді үйретудің де маңызы жоғары, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Ал қазылар алқасының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті «Рухани жаңғыру және тәрбие» бөлімінің басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев байқау әлеуметтік желілерде онлайн-форматта өткізілгенін мәлімдеді. Қазақ тілін меңгеруге арналған ағартушылық жобаға республика аумағында тұратын 300-ге жуық этнос балалары қатысып, ережеде көрсетілген талаптарға сай 4 бағыт бойынша өз өнерлерін бейнеролик арқылы ұсынған.

Қазылар алқасының төрағасы Қ.Сапарханұлы қатысушы үміткерлердің өнерін жан-жақты сараптай келе, олардың ішінен ережеге сәйкес 10 баланы таңдағанын айтады. Атап айтқанда, ұйғыр этносының өкілі Мехриай Абдуллаева (Алматы қаласы), әзірбайжан этносының өкілі Азат Рамисұлы (Түркістан облысы), маңғыстаулық орыс этносы өкілі Ева Джоева, украин этносынан Эмиль Коваленко (Шымкент), қызылордалық Амелия Пак (корей этносы), тараздық түрік қызы Эльзара Халилова, шымкенттік балақай Темурбек Халмұрат, араб этносының өкілі Ахмед Шавки (Шымкент), павлодарлық неміс ұлтының өкілі Евгений Шлиттер, шымкенттік татар этносының жас өкілі Наиль Юскаев және олардың жетекшілері марапат төрінен көрінді. Оларға арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табысталды.