Шымкент қаласындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қазақ тілін дамытуға арналған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Қазақ тілін жетік меңгерген дарынды балаларды анықтау және олардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға арналған іс-шараға еліміздің жеті өңірінен 8-16 жас аралығындағы жүзге жуық жасөспірім қатысты. Олар өздерінің тілді меңгеру деңгейін бейнеролик және эссе жазу арқылы көрсетті. Үміткерлердің жұмыстарын арнайы құрылған қазылар алқасы бағалады.
Қазылар алқасының құрамында Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Г. Қалдыбаева, Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті Музыкалық білім кафедрасының меңгерушісі, Құрмет орденінің иегері, доцент м.а. А. Досбағанбетова, ҚР Мәдениет қайраткері, аға оқытушы М. Күмісбекқызы, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары М. Спатаев пен бөлім басшысы С. Жаңабаев болды.
Марапаттау рәсіміне «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Нүркен Әлімқұлов, қоғам қайраткері, медицина ғылымдарының докторы Иманәлі Байдәулетов пен этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысып, жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етті.
Іс-шара барысында Иманәлі Байдәулетов жобаның маңыздылығына тоқталып: «2021 жылдан бері Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен жүзеге асып келе жатқан «Мың жүйрік» ағартушылық жобасы қоғам тарапынан жоғары баға алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін көтеру жөніндегі тапсырмасына орай қолға алынған жоба Қазақстандағы этнос өкілдері балаларының қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыруды, ынталандыруды көздейді. Біз еліміздің мемлекеттік тілін дәріптеп, насихаттауға бағытталған осындай бастамаларды қолдауға әрдайым дайынбыз», - деді.
Жиында этнос өкілдері балалары арасында қазақ тілін ілгерілетуге арналған республикалық «Мың жүйрік» ағартушылық жобасында ұл-қызының жеңімпаз атануына қосқан үлесі үшін ата-аналарға да арнайы марапат берілді.
Дилара БИМЕНОВА,
«Шымкент келбеті»
 
                                 
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
             
            