​МЫҢНАН АСТАМ АБОНЕНТ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

​МЫҢНАН АСТАМ АБОНЕНТ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Бүгін қаладағы елді мекендерді табиғи газ жүйесіне қосу іс-шарасы өтті. Көгілдір отынмен қамту кезең-кезең бойынша жүзеге асырылуда. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков абоненттерді газға қосу рәсіміне қатысып, тұрғындармен жүздесті.

Қала әкімі алдымен Қайтпас-1 шағынауданындағы үйлерді газға қосу іс-шарасына қатысты. 16,812 шақырым газ жүйелерінің құрылысы өткен жылдың желтоқсан айында аяқталған болатын. Бүгінде 500 абонент газға қосылды.

Сондай-ақ, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында 700-ден астам абонент табиғи газға қол жеткізді. Мердігер “Жылуэнерго ремонт” ЖШС құрылыс жұмыстарын 2024 жылы сәуір айында бастап, желтоқсан айында аяқтады.

Ендігі ретте “Қазақгаз аймақ” мекемесі тарапынан қосымша сәйкестендіру жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындардың өтініштері талапқа сай келген жағдайда газға қосылуға мүмкіндік бар.

Бүгіннен бастап тұрғындар құжаттарын рәсімдеп, өткізу қажет. Жоспарға сәйкес, келесі кезекте Ынтымақ-2, Бозарық елді мекендеріне газ жеткізілмек.