Бүгін Шымкенттің Әл-Фараби кітапханасында белгілі журналист, «Парасат», «Ерен еңбегі үшін» медальдерінің иегері Бахтияр Тайжанның 63 жасқа толған мерейтойына орай «Найзадай болсын намысың» атты шығармашылық кеші мен кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар айтулы журналистің шығармашылық келбеті, қаламының қарымы айшықталған басқосуға шаһар басшылығы, зиялы қауым және БАҚ өкілдері, белгілі спортшылар мен студенттер қатысты.
Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Б.Байдуллаұлының көптеген мақалалары мен деректерінің қазақ спорты үшін маңызы зор екенін, елге сіңірген еңбегін атап өтті.
– Құрметті қауым! Бүгін саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған қаламы қарымды журналистің шығармашылық кешінде ең алғашқы кітабының тұсаукесерінің куәсі болып отырмыз. Ағамыздың шәкірттері 10-15 кітаптан шығарып жатқанда, өзінің алғашқы кітабының енді жарық көруі қарапайымдылығын, жазғанын жаздым деп ешкімге міндет қылмайтынын, елмен бірге жүретінін көрсетсе керек. Біз Бақтияр ағамызды мақтамаймыз, Бақтияр ағамызбен мақтанамыз! Қазақ спорты туралы көптеген көркем деректеріңіз бен мақалаларыңыз, қазақ балуандары мен боксшылары туралы жинақтарыңыз келер ұрпаққа қалдырған мол мұра екені баршамызға аян. Абыройлы белестердің биігінен көріне беріңіз, - деп Сәрсен Абайұлы қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың құттықтауын жеткізді.
Шығармашылық кеш барысында белгілі журналист Қыдырбек Рысбек, экс Сенат депутаты Әлімжан Құртаев, қалалық мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов, белгілі журналистер Асхан Майлыбаева, Уәли Қыдыр, Атанбек Наурыз, Әсет Әссанди, Зәуре Оралбаева мен спортшылар, бірқатар басқарма басшылары мерейтой иесінің өзіне ғана тән ерекшеліктерін тілге тиек етіп, ақжарылқап тілектерін арнады.
Сонымен қатар, кеште ән мен жыр да шырқалып, қатысушыларды рухани жаңартып, басқосудың мән-маңызын арттырды.
Бахтияр Тайжанның шығармашылығы мен көпжылдық еңбегі туралы айтқанда, оның Қазақстанның басты басылымдарында жарияланған мақалалары мен эсселері ерекше орын алады. Ол «Егемен Қазақстан» мен «Жас Алаш» газетінде ұзақ жылдар бойы қызмет етіп, елдік мәселелерді көтерді. Бахтияр ағамыз Бейжің, Лондон, Рио-де-Жанейро олимпиадалары мен Азия ойындарына қатысты бірнеше халықаралық жарыстарда қазақстандық спортшыларды жарыққа шығарды.
«Найзадай болсын намысың» атты Бахтияр Тайжанның алғашқы кітабы спорт саласындағы сайыпқырандар туралы жазылған деректі мақалалар мен эсселерден құралған. Бұл кітапта оның әріптестері мен достарының естеліктері де жинақталған. Кітап қазақ балуандары мен боксшылары туралы деректерді қамтып, қазақ спортының тарихын баяндайды.
Бұл шығармашылық кеш Бахтияр Тайжанның журналистикадағы жетістіктері мен спортқа қосқан үлесін жоғары бағалаудың бір көрінісі болды.
«Шымкент келбеті»