Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелер бойынша қалалық тұрғын үй басқармасы, «Отбасы банк» АҚ және «Ел-Аманаты» қоғамдық бірлестігінің басшыларымен кездесті. Басқосуда тараптар қала тұрғындарын баспанамен қамтудың тиімді жолдарын қарастырды.
2010-2012 жылдар аралығында шаһарда «Нұрлы көш» бағдарламасымен Өзбекстаннан ата жұртқа қоныс тепкен 975 қандас-отбасы сатып алу құқығымен 8 жылға жалдамалы баспанамен қамтылған болатын. Асар шағын ауданында орналасқан тұрғын үйлерді бағдарлама шарты бойынша азаматтардың сатып алу немесе банк арқылы несиелік негізде рәсімдеу уақыты келді. Қазіргі таңда 150 азамат шарт талаптарын орындады.
Сонымен қатар, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының «5-20-25» және «7-20-25» жеңілдетілген несиелік бағыттары арқылы 2 096 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда.
Кездесуде жұмыс істеп жүрген жастарды сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжаймен қамтамасыз ету мақсатында биыл 857 пәтер берілетіндігі де айтылды. Бұл бойынша азаматтардан өтінімдер қабылдау басталатыны туралы хабарлама бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде және жергілікті арналар мен басылымдарда алдағы уақыттарда алдын ала жарияланады.