​Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент клиникасына басшылық етеді

​Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент клиникасына басшылық етеді

Аты-жөні Елбасымен аттас шымкенттік дәрігер бар. Ол 1989 жылы Ташкент қаласында дәрігерлер отбасында дүниеге келген. Дәл сол жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан КомПартиясының бірінші хатшысы болған еді. Осылайша әулеттің үлкендері жаңа туған нәрестеге ат қоюға келгенде көп кідірмепті. Бәрі бірауыздан «Нұрсұлтан» десіпті.

Балаң шағынан өнер-білімге жаны құмар бала Нұрсұлтан әке жолын жалғап, дәрігер болуды армандайды. Оқуға түседі. Онысын ойдағыдай тәмәмдайды. Білікті де білімді маманға айналады. Ол бүгінде Шымкент қаласындағы «NazMed» клиникасына басшылық етеді.

–Есімімді әкемнің ағасы қойған. Тиісінше абыройлы атты арқалап жүру де оңай емес. Қазақта «Атыңа затың сай болсын» деген бар. Сын көзбен қарайтын көп. Сол себепті өзіміді қай ортада болмасын көшбасышысезінемін. Қашан да соған лайықты болуға тырысамын, - дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде елімізде «Нұрсұлтан» есімді ұландар жетерлік. Ал есімі мен тегі бірдей болып келетін азаматтар сирек. Кейіпкерімізден аты-жөнін көпшілік қалай қабылдайтынын сұрадық.

–Ташкентте ұлттық кодын сары майдай сақтаған қазақтар саны өте көп. Ұлтым – қазақ. Отбасымызбен 1997 жылы Шымкент қаласына қоныс аудардық. Мектеп қабырғасында қатарластарымнан оқ бойы озық болуға тырысып бақтым. Елбасының атын арқалап жүрген соң сабақты нашар оқуға қақым жоқ деп ойлайтынмын. Пәндерден төмен баға алып, мұғалімдерден «үлгерімі төмен Нұрсұлтан Назарбаев» деген сөзді лайық көрмедім. Содан болар бар зейініммен оқыдым,- дейді кейіпкеріміз.

Ол Оңтүстік Қазақстан Медицина Академиясының түлегі. Мамандығы – Хирург. Тәжірибесі толысқан маман бүгінде Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде PHD докторантурасы бойынша академиялық білім алуда. Қызығы сол, талабы таудай қажырлы маман небәрі 23 жасында медициналық құрал-жабдықтар құрастыратын компанияны басқарды.


–Кішкене күнімнен техникаға құмар болдым. Механикалық құрылғыларды ашып, оны қайта құрастыруды жаным сүйетін. Егер мен дәрігер болмағанымда, инжинер болар ма едім, кім білсін? (күліп /ред.) Медициналық жабдықтарды құрастыратын компанияны жұмысын бастағанда өзім инжинер, өзім есепші, жұмысшысы әрі басшы болдым. Әуелі приборларды құрастыруды үйрену үшін 6 айға жуық Украина, Ресейдегі медициналыққұрал-жабдық жасап шығаратын зауыттарда болып, осы бағыттағы жабдықтарды құрастырудың қыр-сырын үйрендім. Бұл саланы толық игермейінше, өзімді сол жердің басшысы ретінде сезініп көрмедім, - дейді білікті кадр өз тәжірбесімен бөлісіп.

Ол жетекшілік етіп отырған отбасылық емханада өткен жылы 2 ай көлемінде 162 адам коронавирус індетінен айығып шыққан. Біліктілігі жоғары 15 дәрігер мен 40-қа жуық медибике жұмыс істейтін клиника қала тұрғындарына МӘМС арқылы медициналық қызмет көрсетеді.

–Былтыр дәрігерлеріміз бірге әлемді әбігерге салған жұқпалы індетпен күндіз-түні көз ілмей күресті. Ақ халатты абзалдарымыз өз кәсібіне адал екенін осындай әрекеттері арқылы дәлелдеді. Сондай дерт дендеген күннің бірінде емханаға ауыр жағдайда бір науқас түсті. Әріптестерімізбен бірге барлық емдік шараларды жүргіздік. Алайда науқас тым кеш түскендіктен,небәрі үш сағаттан кейін біз одан айырылып қалдық. Науқастың қолымда жан тапсырғаны маған аса ауыр психолгиялықсоққы болды. Мұндай жағдайға алғаш тап болуым болатын. Дәрігер үшін ең ғажап көрініс не екенін білесіз бе? Ол алдына келген науқастың дертінен құлан таза айығып кеткен қуанышты жүзін көруден асқан бақыт жоқ, - дейді ол.

Нұрсұлтан Құдай қосқан жары екеуі 1 ұл тәрбиелеп отыр. Атасы Алихан немересінің есімін Айсұлтан деп қойыпты.

–Өмірлік ұстазым – асқар тау әкем. Әкем Налихан Назарбайұлы 30 жылдық тәжірибесі бар балалар хирургы. Қазір отбасымызда 5медицина маманыбар. Анам Мағрипа Қалыбайқызы медбике, қарындасым Гүлжанат Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясында мұғалім, ал ізімнен ілбіген інім Нұрислам да хирург.

Елбасымен аттас азамат алдағы уақытта Шымкент қаласында клиникалық құрал-жабдық өндіретін кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр. Шымкенттік Нұрсұлтан Назарбаевқа сұхбат бергеніне Алғыс айтып, ісіне сәттілік тіледік.

Бибайша Нұржанқызы,

«Shymkentaqparat.kz»

Cуретті түсірген: Самат Мырзалиев