Бүгін «Nur Otan» партиясы Әл–Фараби аудандық филиалының кезекті ХLII есеп беру-сайлау конференциясы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Конференцияға «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының мүшесі Бектаева Жанар Әлібекқызы, Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері, партия ардагерлері, қалалық мәслихаттағы депутаттық фракциясының мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, «Jas Otan» ЖҚ мүшелері қатысты.
Конференцияның күн тәртібіне сәйкес «Nur Otan» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалының төрағасы болып Әл-Фараби ауданының әкімі Мыңбаев Рашид Мамытұлы сайланды.
«Nur Otan» партиясы Әл-Фараби аудандық партия филиалының Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарған жұмыстарының есебі туралы «Nur Otan» партиясы Әл-Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Заңғар Усупахметов баяндады.
Әл-Фараби ауданы бойынша 8 500 астам партия мүшелері тіркелген. Ауданда 107 партиялық топтардан тұратын 13 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді. 2019-2020 жылдары Әл-Фараби аудандық партия филиалының ұйымдастыруымен Саяси кеңесінің 9 мәжілісі, Саяси кеңесі Бюросының 11 мәжілісі өткізілді. Оның ішінде 4-еуі филиалдың жылдық жоспарына сәйкес, ал кезектен тыс 6 коференция өтті.
Сонымен қатар, бастауыш партия ұйымдарының қатысуымен 2019-2020 жылдары әр түрлі деңгейдегі 145 кездесу, 9 рет семинар, 32 рет өзекті мәселелерді талқылау мақсатында кездесу кеңестері мен дөңгелек үстелдер өткізілді.
Конференция барысында «Nur Otan» партиясы жарғысының 9,6 тармағына сәйкес, Әл-Фараби аудандық партия филиалы Саяси кеңесінің жаңа құрамы және «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының кезекті 42-ші конференциясына Әл-Фараби ауданынан делегаттар сайланды.