​Оқушылар үшін жазғы мектептер ашылады– Аймағамбетов

​Оқушылар үшін жазғы мектептер ашылады– Аймағамбетов

Елімізде мамырдың соңында үлгерімі нашарлаған оқушылар үшін жазғы мектептер ашылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Биыл оқу жылы дәстүрлі түрде 25 мамырда аяқталады. 26 мамырдан 19 маусымға дейін жазғы мектептер ұйымдастырамыз. Жалпы бұл ерікті түрде болады, ол қосымша қаржыландыруды қажет етпейді. Жазғы мектептер оқушыларға білім берудегі олқылықтың орнын толтыруға, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді», – деді министр.

Министрліктің айтуынша, жазғы мектепке ниет білдірген барлық бала қатыса алады. Ол тегін болады, үлгерімі төмен балаларға басты назар аударылады.

«Бізде әдетте талантты, дарынды, үлгерімі жақсы балаларға көп көңіл бөлінеді. Ондай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызық екені түсінікті, алайда бұл жағдайда басты назар үлгерімі төмен балаларға аударылуы тиіс», – деді Аймағамбетов.

Жазғы мектерде сабақ беретін ұстаздарға қосымша ақша бөлу жоспарланбаған. Педагогтар осы жылға бекітілген жүктеме аясында жұмыс істейтін болады. Мұғалімдер 19 маусымнан кейін жазғы демалысқа шыға алады.

Айта кетейік, министр білім ошақтарының басшыларына жазғы мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің есеп беруін азайтуды тапсырды.