Еліміздің барлық өңіріндегі мешіттердің аулаларында Ораза айт намазы оқылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл жайында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасынан мәлім етті.
- Сіздерге еліміз бойынша мешіттердің аулаларында Ораза айт намазы оқылатындығын (Жергілікті бас санитарлық дәрігерлердің қаулысы бойынша рұқсат етілген) қуанышпен жеткіземіз. Ең бастысы мешітке келуші мұсылман жамағатын төмендегі сақтық шараларға мән беруге шақырамыз: бетперде (маска) киіп келу; үйден дәрет алып келу; намаздан соң қол беріп амандаспау; намаздан кейін көп кідірмей үйге қайту; жамағатпен оқылатын намазға балиғатқа толмаған балаларды алып келмеу. Науқастар мен әйелдердің айт намазына қатыспағаны абзал,- делінген діни басқарма мәлімдемесінде.
ҚМДБ барша мұсылман қауымын осы жағдайларға түсіністікпен қарауға шақырады.
- Жұқпалы індетті таратпау үшін әр азамат өзінің отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, санитарлық талаптар мен мешіт тәртібіне бағынуы қажет. Барша жамағатты өзі мен отбасының, еліміз бен жеріміздің амандығы үшін Жаратқанға дұға жасауға үндейміз. Алла Тағала жер бетіндегі күллі адамзатты түрлі апаттан сақтап, жұқпалы індеттен аман еткей! Әмин!,- деп атап өтеді ҚМДБ-дан.