​Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды

​Орталық Азияның үздік кондитерлері анықталды

Шымкент қаласындағы Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің базасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері мен өндірістік оқыту шеберлері арасында CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы өтті.

Іс-шара «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, кондитерлік өнерді дамыту, елдер арасындағы тәжірибе алмасуды кеңейту және келер жылы Францияның Тулуза қаласында өтетін Шоколатина және Pain au Chocolat бойынша Әлем чемпионатына Орталық Азиядан қатысатын ең үздік маманды анықтау болды.

Халықаралық деңгейде өткен бұл сын Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжі мен Францияның COUPE DU MONDE DE LA CHOCOLATINE қауымдастығы арасындағы екіжақты ынтымақтастық келісімі негізінде ұйымдастырылып, Францияның Қазақстандағы елшілігі, халықаралық қауымдастық және Түркістан облысының білім басқармасы тарапынан бірлесіп өткізілді. Байқауға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келген 22 үміткер қатысты. Олар 25 жасқа дейінгі жастар және кәсіби мамандар санаттарында бақ сынады. Жастар санатында 12 қатысушы өзара үздікті анықтады.

Байқау нәтижесінде «Юниор» санатында бас жүлде иегері атанып, Әлем чемпионатына жолдама алған Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің студенті Пернен Мұхаммедәлі болды. Алтын жүлдеге Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің студенті Гүлден Нұралықызы, Қырғызстанның Кәсіби наубайхана колледжінің қатысушысы Ажар Кенешова және Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Асилбек Рахманов ие болды. Күміс жүлдені Қырғызстаннан келген Дилноз Инаятова мен Түркістан облысының атынан қатысқан Бексұлтан Қарабай жеңіп алды. Үшінші орын Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің студенті Бегәлі Жүніске және Қырғызстаннан келген Фарида Болоткановаға бұйырды.

Ал кәсіби санатта бас жүлдені иеленіп, Әлем чемпионатына жолдама алған Астана қаласындағы Қоғамдық тамақтану және сервис колледжінің арнайы пән оқытушысы Еркебұлан Махмұт болды. Алтын жүлде Шымкент қаласы Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжінің оқытушысы Хабибулла Усманов пен Бішкек қаласының Кәсіптік наубайхана лицейінен келген Джамиля Джуматаева, Өзбекстанның Янгиюль агротехнологиялық техникумының өкілі Адолат Темироваға берілді. Ал қола жүлдені Астана қаласындағы Nanmai bakery наубайханасының шебері Аида Тесекбаева иеленді.

Үміткерлердің жұмыстарын жоғары білікті халықаралық сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалады. Олардың қатарында Франция Резиденциясының бас әкімшісі, Орталық Азиядағы колатин чемпионатының ұйымдастырушысы Карлос Марсала; Le Dessert наубайханасының бренд-шефі, ұйымдастырушы ассистент Айгерім Бекова; Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен де Куртуа; Еуразиялық Кубоктың президенті Ержан Пазылов пен вице-президенті Гүлмира Күлпейісова; The Ritz-Carlton қонақүйінің бас шеф-кондитері Нариман Абдығаппаров; Le Dessert бренд-шефі Александр Пако, Tian Shan Grand Hotel-дің бренд-шефі Айдын Нурсапа, «Эскофье ізбасарлары» Қазақстан делегациясының қазынашысы Томас Мюллер; халықаралық аспаздық білім беру саласының сарапшысы, Эскофье Ізбасарлары Институтының директоры Бертран Геррье және кәсіпкер, мейрамхана басқарушысы Александр Удебин болды.

Байқауға Түркістан облысының білім басқармасының өкілдері, техникалық және кәсіптік білім ұйымдарының басшылары, арнайы пән оқытушылары, жұмыс берушілер қауымдастығы және Франция Республикасының Қазақстандағы дипломатиялық миссиясынан арнайы қонақтар қатысты. Олардың арасында Франция Республикасының Қазақстандағы елшісі Сильвен Гиоге, елшіліктің мәдениет және ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Себастьен Де Куртуа, мәдени кеңесші Мадам Од Кристоф, ауыл шаруашылығы жөніндегі сарапшы Венсан Бержеза, Францияның Алматыдағы Бас консулы Максим Жеренже және Шымкент қаласының Құрметті консулы Игорь Копайылов болды.

CHOCOLATINE KAZAKHSTAN-2025 халықаралық байқауы өңірде кондитерлік өнердің дамуына, жас мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және Қазақстан мен Орталық Азияның бай гастрономиялық мәдениетін әлемге танытуға үлкен септігін тигізгені анық. Өйткені байқау арқылы қатысушылар шығармашылығын, кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, жұмысшы мамандықтарының абыройын көтеруге бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағаланды.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»