Қараша айының 16 мен 23 күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы «Алау» спорт кешенінде өткен республикалық чемпионат өз мәресіне жетті.
Барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, көрерменсіз өткен жарысқа еліміздің әр өңірінен 100-ден астам мықты атқыштар қатысты. Жарысқа қатысушы спортшылар мен жаттықтырушылар тарапынан теріс нәтижелі ПТР тесттері ұсынылған.
Аталған сайыста Шымкент қаласының пневматикалық қарудан оқ ату бойынша спортшылары 2 алтын, 3 күміс және 2 қола медальді қанжығасына байлады. Республикалық чемпионаттың қорытындысы бойынша 2022 жылға арналған оқ ату спортынан Қазақстанның құрама командасы жасақталды.