Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтады,-деп хабарлайды Shymkentaqparat тілшісі Ақордаға сілтеме жасап
Президент құттықтауында қасиетті Рамазан айы – күллі мұсылман қауымы үшін рухани тұрғыдан жаңару кезеңі. Сондай-ақ, Ораза кезінде өзара сыйластық пен мейірім, ізгілік пен кешірім сияқты асыл қасиеттер дәріптеледі. Жұрт көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, қайырымдылық көрсетуге, сауапты іс атқаруға ұмтылатынын атап өтті.
–Ислам дінінің осындай мызғымас рухани құндылықтары мен жасампаздық әлеуеті қоғамымыздағы бірлік пен ынтымақты одан әрі нығайтуға ықпал етеді.
Өкінішке қарай, биыл да Рамазан айы күрделі кезеңде өтетін болды. Жұқпалы дертті ауыздықтау үшін барлық шаралар жасалуда, -делінген Президент құттықтауында.
Мемлекет басшысы еліміздегі мұсылман жамағатын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұсынымдарын мүлтіксіз орындауға шақырды.
–Біз бұл сынақты ауызбіршілік пен жауапкершіліктің арқасында еңсеретініміз сөзсіз.Тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын! Елімізге амандық, әр шаңыраққа бақ-береке тілеймін, -деді Тоқаев.