«ҮРКЕР» - 2025 Ұлттық сыйлығының номинанттары анықталды

«ҮРКЕР» - 2025 Ұлттық сыйлығының номинанттары анықталды

Баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР» - 2025 Ұлттық сыйлығының номинанттары анықталды.

Биыл ұлттық бәйге 11 номинация бойынша өткізілді. Байқауға журналистерден 400-ден астам өтінім келіп түсті. Үміткерлер арасынан үздік жұмыстарды анықтау үшін тәжірибелі журналистер мен медиа-менеджерлерден құралған тәуелсіз қазылар алқасы жұмылды. Нәтижесінде шорт-листке 44 номинант енді.

«ҮРКЕР» - 2025 Ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары 7 қараша күні белгілі болады. Лауреаттарды марапаттау рәсімі Астана қаласы «Қазмедиа» орталығында өтеді. Жеңімпаздарға «ҮРКЕР» естелік мүсіншесі және бір миллион теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық табысталады.

Қазақстандық «ҮРКЕР» ұлттық сыйлығы баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы жетістіктері үшін беріледі. Сыйлық талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлесін мойындау және олардың шығармашылығына қоғамның назарын аудару мақсатында 2017 жылы тағайындалған.

Байқау ұйымдастырушылары - ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры. Іс – шараның демеушілері – «Qazcontent» АҚ, «Қазақ газеттері» ЖШС және «Sport+» телеарнасы.

«ҮРКЕР» - 2025 Ұлттық сыйлығының номинанттары

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі