Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев қала аумағында 6 айдағы өрт қауіпсіздігі және шомылу маусымының жағдайы бойынша брифинг өткізді, деп хабарлайды Shymkentaqparat.kz
Департамент басшысының айтуынша, Шымкент қаласы аумағында 2021 жылдың 6 айында 85 өрт тіркелген, 2 адам жарақаттанған. Тіркелген өрттердің негізгі бөлігі тұрғын үйлер (39 өрт) мен көліктерге қатысты (27 өрт). Қалғаны (22 %) өндіріс, сауда, қойма, әкімшілік нысандарда және ашық аумақтарда орын алған.
Өрт жағдайлары бойынша 40 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 15 өрт және 25 жану жағдайлары бойынша жалпы соммасы 145 850 теңгеге айыппұл салынған.
Шаһарда мемлекеттік өрт бақылау міндеттерін жүзеге асыру аясында биыл 6 айда ерекше тәртіппен 292 нысанды тексеру жоспарланған. Іс жүзінде 257 нысан тексеруден өтті. 35 нысан объективті себептермен тексерілмеді.
Жүргізілген тексерулер барысында өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмаған 2 мыңнан астам (2285) құқықбұзушылық анықталды. 216 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың өндірілуі 100 %-ды құрайды.
Бақылаулық тексерулер аясында ұйғарым талаптарын орындамау фактілері бойынша 12 әкімшілік іс қозғалып, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына шешім қабылдау үшін жолданған.
Шымкент қаласында табиғи өрттердің туындау қатерін болдырмау және азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдармен кешенді алдын алу шаралары жүргізілуде. 2021 жылдың басынан бері қала аумағында табиғи өрттер тіркелмеген.