Бір ғасырмен немесе дәуірмен шектелмейтін өлшемдер бар. Адами өмірін даналығымен уә данышпандығымен адамзаттың бүкіл ғұмырына теңгеріп жіберген Абай әлемі - осындай дүние. Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен Шымкент қалалық өзбек театрының “Абай мұрасы” сазды-поэтикалық қойылымы осындай ойға жетелейді.
Қойылымды Абай (әртіс А.Тоғанбаев) дананың бірінші қарасөзімен ашты. Терең толғанысқа түскен дана образын Тоғанбаев нақышына келтіре орындады. «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткізіп жатырмыз: алыстық, жұлыстық — әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасына келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімді қайттып, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», - деп айналадан ой аулады. Қолдарындағы Абай өлеңдерінің лебіне тұншыққан көпшілікте үн жоқ. Осы сәт көз алдымызда айдарынан жел ескен жас Абай (Ш.Салахиддинов) мен туған айдай толықсыған Тоғжан (Д.Рахманшиклова) пайда бола кетті. Еркелігі мен еспе самалдай есті сөздері жарасқан көңілді жұптың көңіл желкенін ән кернеп кете барды. Желсіз түндегі жарық айдың сүт сәулесімен жол тосып, аулақта жолыққан қос ғашықтың тыныштығын анда-санда айтаққа ерген ит дауысы қорғап тұр. Әуезді саздың сөзі осылай дейді.
Асқақтаған ән нөсері басыла бере топқа түсіп қалған Айдар (А.Эргешов) мен Ажардың (В.Абдурахманова) мүшкіл халін көреміз. Оларға қамшы үйіріп тұрған Оразбайды (С.Махмудов) Абайдың өктем үні селт еткізді. Қанша қатуланғысы келсе де Оразбай бар ашуын қамшысынан алып, жерді бір соғып барып, кері қайтты. Осы бір өшпенділіктің қара бұлты Керім (Э.Толаметов) арқылы қайта оралды. Ол оңаша кездескен Айдарға достық ықыласы ретінде сырлы кесемен қымыз ұсынады. Ақындық пәк көңілімен аппақ сусынды сіміріп салған Айдар оның түбінде қап-қара қараулық жатқанын байқамайды. Қасына келген Ажарға арнаған сөзін аяқтата алмай, өртенген өңірін сығымдаған күйі қызды жастана құлады.
Жасы егделікке ұзаған Абай сұлу сәйгүліктей ұлы Әбдірахманды (З.Шайловов) еркелетіп тұр. Кенет ұлының сөз ауаны да, түсі де бұзылып сала береді. Әке жүрек тосын сөздерді неліктен ауызға алып жатқанынан сезіктенеді. Себебін сұрауға ұмтыла бергенде жөтел қысқан ұлының қол орамалы қып-қызыл қанға малшынып шыға келді. Абайдың Жаратушыға шын жалбарынатыны осы тұс. Бүкіл денесі дірілдеп, жанарын жас шылады. Жанына келген Мағышты (Л.Захидова) өзінен шеттете берген Абдірахман бақилыққа атанып кетеді. Айдармен қатар жатқан Абдірахманның моласына Мағыш мұң шағады.
Оразбайдың қараулығынан көңілі жасып, көзін тасалаған Абаймен бірге жалпы елдің де рухы семді. Бойынан әл кетті. Ертеңінен түңілген олардың алға басуға шамасы да қалмады. Осылайша есеңгіреп құлап жатқан қауымды Абайдың өзі бас болып, дем беріп, орындарынан тұрғызды. Абай әлемінен айрықша күш тапқан жастар оның өлеңдерін шабыттана оқып, айналасына таратып беріп жатты. Шұғылалы сәтті кенет түнек басты! Абайдың ұлы Мағауия (С.Усманов,) дүниеден өтті. Ел ішіндегі нешеме дауларды шешкен шешен тіл бір сәт күрмеуге түсті. Ұлы ойшыл енді көпті кеудесіне сыйдырып: "Мен ішпеген у бар ма?" деп аһ ұрды. "Мыңмен жалғыз алысқаны үшін" кінәламауын өтінді. Дара да дана Абайдың өмірдегі күресі осылай тәсәйіл тапты.
Қойылым барысында бізді таңдандырған жағдайлар көп болды. Соның бірі - режиссер Жавлон Сайитов өз жұмысын қоюға сахна таңдамапты. Оқиғаның бәрі көрерменмен бір қатарда, шағын алаңда жүріп жатты. Кейіпкерлер қол созым жерде жүргендіктен де олардың барлық эмоциялық жай-күйлері өте жақыннан сезілді. Бүкіл қойылым бойына алтын арқау болып тартылып жатқан Абай әндері алаңның түпкі төрінен басталып, әр образды айналып өтіп, көрерменін баурады.
Екіншіден, режиссердің осы шешімін барынша толықтырған суретші Бахром Искандаровтың шеберлігі болды. Оның ұйғарымымен биікке бекітілген шаңырақтан жан-жаққа таза махаббат, ақ отаудың символы ретінде аппақ жолақ болып, ақ маталар тартылған. Бұл сол кездегі ғана емес, барлық адамзат ғұмырының мәні болған ақ бата мен ақ тілектердің жолы! Олар аспан төсін ерекше нұрландыратын құс жолынан әріден басталып, жер бетінде жұп құрғандарды адастармас шұғыла болып төселеді.
Тағы бір ғажабы - кәдімгі арқаннан жасалған тор. Адам басы сияр-симас жиілікте жасалған тордың ақ арқаннан өрілгені де көп нәрсені аңғартқандай. Әдетте, жаныңа келген жаман ниетті, басыңа түсер бұғауды бірден байқау қиын. Өйткені, оның да қап-қара болып келуі екіталай. Теріс ниетті Оразбайға да, Керімге де осындай арқан кигізіп қойған. Осы арқандарын сонымен матап, тұншықтырып, қаралы күнге аттандырғандардың үстіне жауып кетеді. Өмір белгісі өшкен адамдарға жабылған топырақ түстес арқан олардың моласы іспеттес болып та көрінеді. Күреспен өткен бүкіл ғұмыры үш жас моланың ортасында қалған дара жанның көптен көмек сұрап, торығуы да тым сенімді.
Ғасырлық, әлемдік тұлғаның бар тіршілігін шығармашылық, ақындық жолымен ұштастыру өз алдына, данагөй жанның жүрегінен күмбірлеп шыққан әсем әнді әр кезеңге сай орындаудың шеберлігін айтыңыз. Бұл тұста жеке орындаушылар Ш.Халиметов, Д.Холметоваларға, хор ұжымындағы Д.Қамбарова, Ш.Османова, А.Сиримова және К.Шодибековаларға айтар алғысымыз шексіз. Сондай-ақ, әр көріністі шам жарығымен айшықтап, саз әуенімен әрлендіріп тұрған мамандар А.Ерханов, Ф.Мансуровтардың да еңбектері елеулі.
Осы орайда ұлт ойшылы, ағартушы, дара ақынның мерейтойы жылы М.Әуезовтің драмасы желісінде "Абай мұрасы" сазды-поэтикалық қойылымын жұртшылыққа ұсынуға қолдау көрсеткен Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына Шымкент қалалық өзбек театрының ұжымының алғысын жеткізгіміз келеді.
Атанбек НАУРЫЗ, “Шымкент келбеті”