​Шаһарда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді

​Шаһарда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тұрақты жүргізіліп келеді

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы мен «СК-Фармация» ЖШС өкілдері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету барысын талқылау мақсатында №6 қалалық емханада кездесу өткізді. Басқосуда дәрілік заттарды жеткізу тәртібі, медициналық ұйымдардың қамтамасыз етілу деңгейі және алдағы жылдарға арналған жоспарлар туралы кең көлемді ақпарат берілді.

Кездесу барысында «СК-Фармация» ЖШС-нің Шымкент қаласы бойынша өкілдігінің басшысы Ұлжан Нұғманова қаладағы дәрілік қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде, штаттық режимде жүргізіліп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазір өңірде бірыңғай дистрибьютор арқылы 92 медициналық ұйым қамтамасыз етіледі. Биылға арналған негізгі өтінімдер бойынша қаланың медициналық ұйымдарынан 1 118 атауға сұраныс қабылданып, жыл ішінде қосымша 768 позицияға өтінім түскен.

Стационарлық көмек аясында бірізді дистрибьютор 79 медициналық ұйыммен 18, 94 млрд теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу жөнінде келісімшарт жасаған. Ал амбулаториялық деңгейдегі дәрілік қамтамасыз ету бойынша түзетілген өтінімдер 483 атауды қамтиды, бұлардың жалпы құны 15, 94 млрд теңгеге жетеді.

Ұлжан Қабылмәжитқызының мәлімдеуінше, бүгінде медициналық ұйымдарда амбулаториялық деңгейде тегін рецептпен халықты қамтамасыз ету үшін 15 млрд теңгеден астам дәрілік қор бар, бұл жылдық жоспардың 96 пайызын құрайды. Стационарлық бағытта 18 млрд теңгеден астам дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізіліп, жоспардың 99 пайызы орындалған.

Бірізді дистрибьютор медициналық ұйымдардағы дәрілік заттардың қалдықтарына тұрақты мониторинг жүргізеді екен. Жаңа пациенттер анықталған жағдайда немесе белгілі бір дәрі бойынша тапшылық туындаса, қажетті препараттарды медициналық ұйымдар арасында, қажет болғанда өңірлер арасында қайта бөлу арқылы жедел қамтамасыз ету шаралары қолданылады. Бұл емдеу процесінің үздіксіз жүруіне мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ ол келер жылға қажетті дәрілік заттар сатып алынып, желтоқсан айында бірізді дистрибьютор қоймаларына жеткізілетінін жеткізді. Бұдан кейін қалалық медициналық ұйымдарға жоспарлы түрде жөнелтіле бастайды. Бұл – алдағы жылға қажетті қорды алдын ала қалыптастыру және жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған қадам. Ал 2027 жылғы дәрі-дәрмек сатып алуға арналған жоспарлы процесс мамыр айында басталады.

Ұлжан Нұғманова тұрғындар жиі сауал қоятын «тегін дәріні қайдан және қалай алуға болады?» деген мәселенің «СК-Фармация» құзыретіне кірмейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, бірыңғай дистрибьютордың міндеті – медициналық ұйымдардың өтініміне сәйкес дәрілік заттарды сатып алып, сол ұйымдарға жеткізу. Ал препараттарды тұрғындарға беру тәртібі, рецепт жазу және дәрі таратуды ұйымдастыру медициналық ұйымдардың жауапкершілігіне кіреді. Сондықтан түсіндіру жұмыстары да медициналық ұйым тарапынан жүргізіледі.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»