ШАҺАРДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢҒЫРЫП, СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП ЖАТЫР

ШАҺАРДА ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР ЖАҢҒЫРЫП, СПОРТ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ДАМЫП ЖАТЫР

Бүгін Шымкент қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары, әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз мәслихатын өткізді. Онда апта ішіндегі өзекті әлеуметтік, құрылыс және спорт саласындағы маңызды мәселелер талқыланды.

Алдымен ресми өкіл әлеуметтік саладағы оң өзгерістерге тоқталды.

Атап айтқанда, №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы биыл күрделі жөндеуден өтті. 1967 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет көрсетіп келе жатқан нысан 240 орынға арналған. Қала әкімінің бастамасымен жүргізілген жөндеу жұмыстарына 1,3 млрд теңге бөлініп, ғимарат толық жаңартылғанын, ғимараттың жаңа кейіпке еніп, заманауи талапқа сәйкес жасалып, ерекше күтімді қажет ететін балаларға қызмет көрсететін орталықтың жаңа тынысы ашылғанын айтты.

Сондай-ақ, №5 «Аялы алақан» орталығында демеушілердің қолдауымен ойын алаңының шатыры жабылып, аумағы көгалдандырылуда. Алдағы уақытта мұнда ерекше балалар демалатын шағын саябақ жасалады екен.

№1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 50 орындық қосымша ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. 1,9 млрд теңге қаржы қарастырылған нысанды «Риголит» ЖШС салып, оны биыл желтоқсанда тапсыру жоспарланған.

Бұдан бөлек, Бозарық шағынауданында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды. Жалпы құны — 13,8 млрд теңге. Қазір құрылыс алаңында 75 жұмысшы еңбек етуде. Орталық ерекше жандарды оңалтуға арналған заманауи кешен болмақ.

Спорт саласында да ілгерілеу байқалады. 2025 жылы қалада 5 жаңа спорт нысанының құрылысы басталды. Оның ішінде Қаратау ауданында жаңа футбол стадионы салынуда. Сонымен қатар модульді спорттық нысандар Абай және Еңбекші аудандарында бой көтереді.

Келесі кезеңде Паралимпиадалық және сурдолимпиадалық спорт кешені, Тұран шағынауданындағы сауықтыру орталығы және Базарқақпа тұрғын алабындағы спорт нысанының құрылысы жоспарланып отыр.

Қолданыстағы спорт инфрақұрылымын сақтау мақсатында «Мұз сарайы», «Локомотив» стадионы және Кешенді спорт шеберлігі мектебінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Демеушілер есебінен Қажымұқан атындағы орталық стадионның күрделі жөндеуі аяқталды.

Шалғай елді мекендерде де спорт нысандарының тапшылығын жою қолға алынған. Ол үшін 4 жер учаскесі заңдастырылып, жаңа алаңдар салу көзделген. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер есебінен үш спорт нысаны бой көтермек.

— Біздің басты мақсатымыз — әлеуметтік жобаларды сапалы жүзеге асырып, спорт инфрақұрылымын әр тұрғын үшін қолжетімді ету. Бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғаса береді”, - деді Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ, қала әкімінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек брифинг барысында Шымкент қаласының Маятас тұрғын алабында жүзеге асып жатқан жаңа туристік бағыт — «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы туралы да айтты.

Аталған жоба қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында заманауи әрі жайлы демалыс ұйымдастыруды көздейді. Сонымен қатар ішкі туризмді дамытуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Инвесторларға жалпы ауданы 53 гектар жер телімі берілген. Жобаның жалпы инвестиция көлемі 2,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңінде 15 құрылысшы еңбек етуде.

Бүгінде 9 глэмпинг, 2 капсулалық үй және мейрамхана ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Алдағы уақытта жоба аясында қосымша 38 глэмпинг, 18 капсулалық үй, сондай-ақ SPA-аймақ, бассейн, спорттық алаңдар, амфитеатр, жылқы шаруашылығына арналған аумақ және вино дайындау кешені салу жоспарланған.

— «Omir Shymkent» глэмпингі — қала өмірі мен табиғат тынысын үйлестірген, демалыстың жаңа форматын ұсынатын ерекше жоба. Ол тек тұрғындарға ғана емес, шетелдік қонақтар үшін де тартымды демалыс орны болады, - дейді Сәрсен Абайұлы.

Қала әкімінің орынбасары ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, мал базарларында заң талаптарына сай тек құжаттары толық жануарлар ғана сатылымға жіберіледі. Бұл талап — жұқпалы аурулардың таралуын және мал ұрлығының алдын алуға бағытталған. Қала аумағындағы ЖК «Сәндібай» мал базарында апта сайын тиісті басқармалар мен полиция қызметкерлері бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде өткен аптада 67 тұлғаға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, 12 адамға айыппұл салу шарасы қарастырылған. Құжатсыз мал базар аумағына кіргізілмейді, өйткені әрбір жануардың төлқұжаты мен ветеринариялық анықтамасы оның денсаулық жағдайын растайтын басты құжат саналады.

Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, Шымкент қаласының спорт және денсаулық сақтау салаларында да айтарлықтай жетістіктер бар. Соның ішінде шымкенттік таеквондошы Нодира Ахмедованың Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алуы – ел спорты үшін зор мақтаныш. Бұл — қазақстандық әйелдер таеквондосы тарихындағы 18 жылдан кейінгі алғашқы әлемдік жүлде. Сондай-ақ, қаладағы №2 ауруханада дәрігерлер алғаш рет толық бітелген сан артериясына күрделі эндоваскулярлы ота жасап, науқастың аяғын ампутациядан сақтап қалды. Бұл жетістіктер Шымкенттің спорттық рухы мен медицинадағы кәсіби әлеуетінің артып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары мобильді интернет желісінің сапасын арттыру және көшелерді жарықтандыру жұмыстары да тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Қазіргі таңда байланыс операторларымен бірлесіп, тұрғын алаптар мен жаңа шағынаудандарда интернет қамту аймағын кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ал көшелерге жарық шамдарын орнату ісі қаланың қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етпек. Бүгінде бұл жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып, жаңа жарық желілері орнатылған көшелердің саны жыл сайын артып келеді.

“Шымкент келбеті”