Шаһарда мал азығын дайындауда гидропоника әдісі қолданылады

Шаһарда мал азығын дайындауда гидропоника әдісі қолданылады

Президент Жолдауда «Жемшөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейту және егіс алқабына әр жылы әртүрлі дақыл егуді бақылауға алған жөн» екенін айтты. Бұл тапсырманың аясында Шымкент қаласында қандай жұмыстар қолға алынды?

Шымкент - республикалық қала мәртебесін алуына байланысты, ауыл шаруашылығы жерлері жыл сайын азаюда. Сондықтан ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мал азықтық дақылдар көлемін арттыруда озық технологияны қолданбақ.

Мамандардың айтуынша, келер жылдан бастап озық технологияның көмегімен гидропоника әдісі шаруашылықтарға ендіріледі. Тарқатып айтқанда, жабық кеңістікте 2 келі астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 келіге дейін мал азықтық дақылын алуға болады. Бұл әдіс арқылы алынған мал азықтық дақылдарының құнарлылығы артып, өнімділік те арта түспек.

Сонымен бірге әртараптандыру бағдарламасын іске асыру нәтижесінде жыл сайын егіс алқаптарын 0,7-ден 1,0 мың гектарға дейін арттыру жоспары қойылған. 2018-2020 жылдар кезеңінде ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары 3,6 мың гектарға артып, 29,3 мың гектарды құраған болатын. Соның ішінде мал азықтық дақылдар 700 гектарға артқан.

Мал азықтық дақылдарын ұлғайту бойынша арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, соның негізінде тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, қала бойынша мал азығына қажетті жем-шөп 358,5 мың тоннаны құраса, жыл сайын оның 186,4 мың тоннасы Шымкентте дайындалады. Яғни қазір жергілікті шаруалар арқылы қажеттіліктің 52 пайызы қамтамасыз етілуде.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер ірі қара, қой, жылқының аналық басына сатып алатын жемшөп құнын арзандату мақсатында қарастырылған 148 млн. теңге биыл жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен қосымша 100 млн. теңгеге толығатын болады.