Биылғы соңғы қоңырау кеші 9, 11-сынып оқушыларының (300 баладан аспай) қатысуымен барлық санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, мектеп ауласында ашық алаңда өтеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева мәлімдеді.
Жанат Арысбекқызының айтуынша, биыл бітіруші түлектердің ата-анасы немесе заңды өкілдерінен тек 1 адам келуіне рұқсат етіледі. Ал шеру өткізіп, ойын-сауық құруға тыйым салынады. Яғни, ол күні арнайы рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Одан бөлек, бітіруші сынып оқушыларына бет әрлеуіне (макияж) рұқсат берілмейді. Оқушы білім ұйымының қабырғасында болғандықтан мектеп формасын киіп, әдеп сақтап, балғын түрінде соңғы қоңырау мерекесіне қатысуы керек.
- Бітіруші сынып түлектері білім ұйымы мен ұстаздарға сыйлық әпермеуі керек. Өйткені мектептегі қажеттіліктің бәріне қаржы бөлініп, қамтамасыз етілген. Ал ұстаздардың еңбегі мемлекет тарапынан өтеліп отыр. Сол себепті оқушы ата-анасына салмақ салмауы керек. Егер өзі тұлға болып қалыптасып, оқу ордасына қолғабыс білдірсе, жарасады, - деді басқарма басшысы
Жанат Арысбекқызы 2020-2021 оқу жылының қорытындыларына тоқталды.
– Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 9 342 («Алтын белгі» үміткері – 513), 9-сыныпты 16 267 оқушы («Үздік аттестат» – 415) бітіргелі тұр. Оларды қорытынды аттестаттау мектеп қабырғасында барлық санитарлық талапты сақтай отырып, 28 мамыр мен 10 маусым аралығында өтеді. Ал ҰБТ-ы тапсыру осы жылдан бастап «Бір оқушы – бір компьютер – бір камера» қағидасы бойынша электрондық форматта өтуде. Бұл ретте тестіленуші жылына 2 рет ақылы және 2 рет білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға мүмкіндік ала отырып, тегін тапсырады. Яғни қалада талапкерлер 6 мамыр мен 30 маусым аралығында санитарлық нормаларды сақтап, арнайы жабдықталған 2 аймақтық «U-Study» тестілеу орталықтарында (білім беру гранттарын тағайындау конкурсы арқылы 2 мүмкіндік) ҰБТ-дан өтеді. Ал тестілеу барысын «Адалдық алаңы» қызметкерлері мен арнайы мониторингтік топ мүшелері бақылайды, – деді ол.
Спикердің сөзінше, үшінші мегаполис мектептерде «Bilim Iand-Onlinemektep.org» цифрлық білім беру платформасында еліміз бойынша 1-орында. Оған қоса, биыл шымкенттік оқушылар республика көлемінде 250-ден астам ғылыми жоба Олимпиадасына қатысып, 55 оқушы жеңіс тұғырынан көрінген. Ал Халықаралық ғылыми жобалар байқауынан 2 оқушы жүлдегер болған. Сондай-ақ, 6 білім ұйымы Республика бойынша 100 «үздік» мектептің ішіне енген. Дегенмен эпидемиологиялық ахуалға байланысты білім сапасы 7 пайызға төмендегені байқалады. Осыған орай баланың білімін жетілдіру мақсатында 26 мамыр мен 19 маусым аралығында қосымша сабақ өту кестесі қарастырылады.
Айта кетейік, қалада бүгінге дейін 4 634 талапкер ұлттық бірыңғай тест тапсырған. Оның ішінде тестілеу тәртібін бұзғаны үшін 64 оқушының жұмысы жойылған.
Фото: Самат Мырзалиев