Шымкентте Халықаралық студенттер күні жоғары деңгейде аталып өтті. Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырған мерекелік бағдарламаға жүздеген студент қатысып, қаладағы алты бірдей жоғары оқу орны қамтылды. Орталық басшысы Жансерік Бауыржанұлының айтуынша, бүгінгі таңда Шымкентте тоғыз ЖОО-да 95 мыңнан астам студент білім алуда. Мереке қарсаңында жастардың өзара байланысын күшейту, студенттік ортаның атмосферасын сезіндіру мақсатында арнайы жасақ құрылып, бірнеше оқу орнын аралаған.
– Бұл кездесу барысында студенттер үлкен коннекшн мен нетворкинг жасай алды. Университеттер арасындағы байланыс күшейді. Белсенді жастармен кездескен орталық мамандары алдағы уақытта жастарды қала көлемінде өтетін шараларға шақырды», – дейді орталық басшысы.
Ал, күннің екінші бөлігі қала жастарын жинаған мерекелік концертке ұласты. Бұл шараның ерекшелігі — сахнаға шыққан өнерпаздардың барлығы студенттер.
– Біз ешқандай ауыртпашылық салған жоқпыз. Нөмірлер түгелдей университет қабырғасындағы өнерлі жастардан құралды. Барлығы жанды дауыста, студенттік рухпен өтті, – дейді Жансерік Бауыржанұлы.
Студенттер күнін тек мерекелік бағдарлама ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік қолдау шаралары да толықтырды. Қаладағы бірнеше кәсіпкерлік нысан студенттік билет иелеріне 20–30 пайыз жеңілдіктер ұсынып, жастарға арналған акциялар ұйымдастырды. Мысалы, ProCoffee желісінің үш нүктесінде арнайы жеңілдіктер берілсе, Global Coffee студенттер күніне арналған ерекше дизайндағы қаптамаларын ұсынды. Мұның бәрі мерекелік атмосфераны күшейте түсуде.
Концерт барысында жастар саясатына үлес қосып, түрлі салаларда жетістікке жеткен студенттер арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік шараға қатысқан Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің 4-курс студенті Даниял Болысбек студенттік өмірдің өзіне берген мүмкіндіктерімен бөлісті. Қазақтың қара домбырасын арқалап 2022 жылы «Күміс домбыра» жеңіп, оқу орнының грантын иеленген ол студенттерге жасалып жатқан қолдауға ризашылығын білдірді.
– Біздің ұстаздарымыздың бірінші мақсаты – студентті қолдау. Ешқандай қиыншылық көрмедім. Студенттік өмір – тек сабақ пен жатақхананың арасы емес, жаңа орта қалыптастыру, үлкен өмірге бейімделу, – дейді ол.
Халықаралық студенттер күні Шымкент жастары үшін тек мереке емес, өзара байланыс орнату, мотивация алу, жаңа мүмкіндіктерді көру күніне айналды. Қала әкімдігі мен кәсіпкерлердің қолдауы, жастардың белсенділігі мен білімге деген құлшынысы — бүгінгі мерекенің шырайын арттыра түсті.
«Шымкент келбеті»