Қазақстанда немесе шетелде күндізгі бөлімде оқитын студенттер жеңілдік санатына кіреді. Яғни, орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының күндізгі бөлімінде оқитын студенттер мен шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандықтар үшін МӘМС жарналарын мемлекет төлейді. Егер студент ресми түрде жұмыс істесе, жұмыс беруші оның жалақысынан жарна ұстамайды және өзі де аударым жасамайды.
Студенттер үшін медициналық сақтандыру туралы осы және өзге де маңызды мәліметтер ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы қызметкерлерінің қаладағы жоғарғы оқу орындарын аралау барысында түсіндірілді. Қор өкілдері атап өткендей, «Сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде тағайындалады.
Бұл үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық білім беру деректер базасы (ҰБДБ) немесе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы (ЖББП) негізінде мәліметтер алынады. Бұл ақпараттар оқу орнының ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі. Мұнда ЖОО қызметкерлері студенттердің жеке деректерін, оқу кезеңі мен формасын дұрыс көрсетіп, деректерді уақытында жаңартып отыруы маңызды.
Ал, шетелде оқитын студенттер мәртебе алу үшін өз деректерін электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы «Шетелде білім алып жатқан студенттерді тіркеу» мемлекеттік қызметі арқылы өзі ұсынуы керек. Өтініш толтырып, оқып жатқанын растайтын құжатты қоса тіркеу қажет. Қазақ немесе орыс тіліне аударылған әрі оқу орнынан нотариалды расталған анықтама болуы керек. Деректер дұрыс енгізілсе, мәртебе 10 жұмыс күні ішінде беріледі.
Қазақстанда оқитын студент мәртебе ала алмаса, оқу орнындағы ақпараттық жүйедегі мәліметтерді нақтылау үшін ЖОО-ға жүгінуі керек. Мұнда оқу мерзімі қате көрсетілуі немесе ЖСН дұрыс енгізілмеуі мүмкін.
Шетелде оқитын студенттерде мәртебе бойынша қиындық туындаса, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгінуі қажет. Бұдан бөлек, әр семестр аяқталғаннан кейін egov.kz порталы арқылы өз оқуын растап отыру маңызды.
#әмсқшымкент #мәмсшымкент