Шымкенттегі Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназия оқушылары ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Серікбай Жорабековпен кездесті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған кездесуде, суретшінің өнерімен танысқан оқушылар мен ұстаздар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, пікір бөлісті.
Талант туыла біткенмен, оның толысып, өсіп-өркендеуі адам жүрегінде жатқан бір сиқыр. Оны жарыққа шығаратын құдірет ол – өнер. Серікбай Құлышұлы бірнеше жылдық еңбек жолындағы құнды туындыларын өзімен бірге ала келген. Әр шығармасында үлкен мән бар. Еңбектері жан-жақты жанрды қамтыған. Әр шығармасы тарихпен байланысқан, шынайы көркемдігімен көз тартады.
Серікбай Құлышұлы мектеп оқушыларына шеберлік сабағын өткізді. Тамаша туынды бейнелеудің қыр-сырын, суретшіге тән қасиеттерді, қарапайым қарындашты ұстаудың өзіндік әдісін, су бояуының мағыналы сурет шығарудағы орнын түсіндірді. Натюрморт салып, жеке тәжірибесімен бөлісті.