Қоғамды кемел оймен, жүйелі сөзбен, еркін пікірмен дамытудың маңызы зор. Елдің ғылымы мен мәдениеті, инновациясы мен рухани қуаты – ой еркіндігі бар ортада ғана қалыптасады. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов осындай ұсынысын жеткізді.⠀
Оның айтуынша, шығармашылық, ғылыми және инновациялық жобаларға қолдау нақты құқықтық және институционалдық тетіктер арқылы жүзеге асуы тиіс.⠀
«Бүгінгі таңда біз бір маңызды мәселеге бетпе-бет келіп отырмыз. Қоғамға пайдалы, салмақты, жауапты пікір айтатын азаматтардың ойы кейде тасада қалып, ал жеңіл-желпі сөздер мен жалған ақпарат тез таралып кететін жағдайлар бар. Бұл – қоғамның интеллектуалдық дамуына кері әсер ететін құбылыс. Сондықтан Конституциялық реформа аясында шығармашылық еркіндікті тек жариялап қана қоймай, оны нақты қорғайтын және қолдайтын нормаларды бекіту қажет деп есептеймін», – деп атап өткен Мұрат Әбенов бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.⠀
Ең алдымен, Конституцияда сөз бостандығы мен шығармашылық еркіндіктің мазмұнын нақтылап көрсету қажет екенін. Әбеновтің пікірінше, ол сын-пікір айтуға, жаңа идея ұсынуға, қоғамдық пікір білдіруге құқықтық негіз болады.⠀
«Конституция деңгейінде зияткерлік меншік құқығын қорғауды күшейту қажет. Шығармашылық еңбек – нақты экономикалық және қоғамдық құндылық екені Конституциялық деңгейде танылуы тиіс. Сонымен қатар, мемлекет шығармашылық және ғылыми қызметке жағдай жасауға міндетті деген қағидатты бекіту маңызды. Оған қоса, қоғамдық маңызы бар ой-пікірлерді қолдайтын, сапалы контентті ынталандыратын жүйені қалыптастыру қажет. Бұл – жалған ақпаратқа қарсы күрестің де ең тиімді жолы», – деді ол.⠀
Шығармашылық еркіндікке нақты кепілдік берілген елдерде ғылым мен мәдениет, сонымен қатар, экономика да қарқынды дамып жатқанын мысалға келтірген Мұрат Әбенов жастардың идеялары ел дамуына нақты үлес қосуы қажет екеніне тоқталды.⠀
«Шығармашылық еркіндік пен зияткерлік меншікті қорғау Конституциялық реформаның маңызды өзегіне айналуы тиіс. Сондықтан бұл мәселе – тек құқықтық емес, елдің интеллектуалдық қауіпсіздігі мен болашағына тікелей қатысты», – деп атап өтті депутат.