Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басталуына санаулы ғана күн қалды. Айтулы шарада спорт жарысынан бөлек мәдени әрі ғылыми бағдарламалар да қолға алынған. Жылдың ең маңызды оқиғасы саналатын шараны қолдауға және оны халық арасында насихаттау мақсатында «Бірлік Керуені» жобасы басталған болатын. Бұл жобаның мақсаты бүкіл өңірде мәдени бағдарламаны үздік өңірлік этникалық жобалармен толықтыруға, сондай ақ, ұлттық спортты барша қазақстандықтар арасында кеңінен насихаттауға арналған. Шырайлы шым қаладан да дүбірлі доданы қолдау мақсатында керуен елордаға аттанды.
Керуен сапары қасиетті Қошқар ата бұлағынан бастау алды. Бұл жерден көшпенділер ойындарының басты нышаны және негізгі элементі – қасиетті су алынды. Әр өңірден жолға шыққан делегация торсыққа құйылған суды Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында тайқазанға құяды. Бұл елдің бірлігін, тұтастығын және өзара ынтымақтастығын көрсетеді.
Салтанатты көш «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне жиналды. Әсерлі театрландырылған көрініс көрсетіліп, әуелеген ән шырқалды, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. «Бірлік керуені» алдында белгілі былғары қолғап шебері Мұхтархан Ділдәбеков сөз сөйлеп, сәттілік тілеп, батасын берді. Абыз ақсақал бұлақ суы құйылған құмыраны аманат етіп көш бастаушыға ұсынды. Құрметке ие болған керуен елордаға аттанды.
– Біздің өңірден спорттың 10 түрінен 18 спортшы Астана қаласына жетіп, соңғы дайындықтарын өткізіп жатыр. Өңірдің өз стилінде безендірілген «Керуен» құрамында су толтырылған ыдыспен бірге, Астанаға ойындардың мәдени бағдарламасына қатысатын шығармашылық топтар да кетті, – дейді Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Маратбек Мықтыбеков.
Сонымен қатар, керуендер өңірлерден «Көшпенділер ғаламы» этноауылын ұйымдастыруға қажеттінің барлығын әкетеді.
Ойындардың ашылу күні құрамында еліміздің барлық аймақтарының атынан келген, қолына қасиетті су толтырылған, торсық ұстаған батырлары бар керуен ойындардың ашылу рәсімі өтетін жерге жарқын шерумен аттанады. Қасиетті көздерден алынған су ДКО ашылу рәсімінің шарықтау шегінің маңызды құрамдас бөлігі болмақ. Аталған ойынға 100-ден астам елден спорттың 21 түрінен 4 мыңға жуық қатысушы келеді деп жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында үздік қолөнер шеберлерінің өнімдері көрмеге қойылып, ақындар айтысы, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар ұйымдастырылады. «Көшпенділер әлемі» бағдарламасында Шымкент қаласының мәдениет саласынан 126 адам өнер көрсетеді. Атап айтар болсақ, «Астана арена» стадионында өтетін ашылу салтанатына Шымкент қалалық өзбек драма театрының әртістері өнер көрсетсе, 9 қыркүйек күні Шымкент қаласының өнерпаздарының қатысуымен концерт өтеді. Сонымен қатар, «Қазанат» ипподромы маңындағы «Көшпенділер әлемі» этноауылында Шымкент қаласынан 3 киіз үй тігіледі. Бірінші киіз үйде Шымкент қаласының тарихына байланысты «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінінің қорындағы жәдігерлерден жасалған көрме қойылады, екінші киіз үйде Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы қызметкерлері бұрым өру, беташар, бесікке салу, құрсақ шашу, қызды оң босағаға шығару дәстүрлерін көрсететін болады, үшінші киіз үйде қаланың туристтік әлеуеті таныстырылады деп күтілуде.
«Шымкент келбеті»