Республика күні мерекесі аясында Шымкентте ерекше сән мен шаттыққа толы мерекелік іс-шара өтті. «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кең ауқымды «Батпырауықтар фестивалін» ұйымдастырды.
Күздің жаймашуақ күнінде өткен фестивальге қала халқы мен қонақтар көптеп жиналып, ашық аспан астында тамаша демалыс өткізді. Шаһар үстін түрлі-түсті батпырауықтар көмкеріп, аспан ерекше көрініске бөленді.
Шараның басты мақсаты — отбасылық демалыс мәдениетін дамыту, жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру және қала тұрғындарын белсенді өмір салтына баулу болды. Фестиваль бағдарламасы аясында батпырауық ұшыру жарыстары, балаларға арналған батпырауық жасау шеберлік сабақтары, анимациялық қойылымдар мен сабын көпіршіктер шоуы ұйымдастырылды. Көңілді атмосфераны диджейлік музыкалық бағдарламалар мен тақырыптық би қойылымдары толықтырды.
Сонымен қатар, велоәуесқойлар арасында жарыс өткізіліп, көше биі бағытындағы талантты бишілер өнер көрсетті. Күннің екінші жартысында мото-маусымның салтанатты жабылуы өтіп, ерекше әсер сыйлады.
Фестиваль — Шымкент қаласының мәдени өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі болды. Ол отбасы мүшелерінің бірлесе уақыт өткізуіне, балалардың шығармашылыққа қызығушылығын арттыруға және қаланың туристік имиджін нығайтуға зор үлес қосты.
Аспанда қалықтаған батпырауықтар мен шат күлкіге толы алаң — Шымкенттің қуатты, креативті және қонақжай қала екенінің айқын дәлелі болды.
“Шымкент келбеті”