Осыдан 10 жыл бұрын Шымкентте 1 200 орындық «Оңтүстік-Цирктің» лентасы қиылып, ел игілігіне берілген болатын, деп хабарлайды Shymkentaqparat
2018 жылдың 19 маусымда Елбасы Жарлығымен Шымкент республикалық мәртебеге ие болғаннан кейін цирк қаланың құрамына өтті.
Цирк өнері – ат құлағында ойнап өнер көрсету, айтар ойды ыммен білдіріп, түрлі дене қимылдарымен жұртты күлдіру,қуақы, әзіл-әжуа сөздермен көпшілік көңілін көтерумен танылса, заман ілгері дамып, әлем жаһанданып цирк өнері аса білімділік пен ептілікті талап етеді. Осындай ептілер мен мықтыларды бауырына басып, үшінші мегаполистің мақтанышына айналған Шымкент Циркіне биыл – 10 жыл!
Бүгінде цирк өнерін насихаттау, алыс-жақын жерлерде халыққа көңіл-күй сыйлау мақсатында 800 орынды жылжымалы Шапито циркі өнер көрсетіп келеді.
Шымкент Циркі 10 жыл ішінде біршама жетістіктерге жетті. Ашылғанына жыл өтіп, 2012 жылы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне қатысып, «Файер шоу» бойынша ІІІ-орынды иемденген болатын. 2015 жылы «Шабыт» ХVIIІ халықаралық шығармашыл жастар фестивалінен «Мачта» І- орынды алды, 2016 жылы «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалінен «Канат» ІІ- орынды, 2016 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы VII «Менің Қазақстаным»ән байқауының І-орын жүлдегері - Д.Хашимханова, 2016 жылы Қытай Халық Республикасы Хэнань провинциясының Лоян қаласында өткен ІІІ акробатикалық фестивалінде О.Касаткиннің жетекшілігіндегі әуе акробаттары І-орынды иемденген. Осы сынды түрлі байқаулар мен жарыстарда цирк өнерпаздары өнер көрсетіп Шымкент қаласының мерейін көтеріп келді.
Елдегі эпидахуал тұрақталса, Шымкент Циркі өзінің 10 жылдығына арналған жаңа жобасын ұсынуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда аңдарсыз 15 қойылымның бағдарламасын әзірлеу үстінде. Сондай-ақ, желтоқсан айында «Тәуелсіздікке - 30 жыл» және «Шымкент Циркіне –10 жыл» мерекесіне орай Ресей, Қызғызстан, Тәжікстан, Моңғолстан, Өзбекстан, Қытай, Украина, Белоруссия, Алматы, Астана секілді 10 елден цирк өнерпаздарын шақырып, фестиваль форматында 10 қойылымды көрерменге ұсынуды көздеп отыр.