Бүгін Шымкентке Өзбекстанның республикалық мамандандырылған терапия және медициналық оңалту ғылыми-тәжірибелік медицина орталығының дәрігерлері келді. Олар шымкенттік дәрігерлердің оңалту еміндегі әдіс-тәсілдерін өз тәжірибесіне енгізбек. Ташкенттен арнайы келген дәрігерлер Шымкенттегі оңалту орталықтарын аралап, сал дертіне шалдыққан балалармен және олардың ата-аналарымен кездесті.
Шымкентте қалпына келтіру мен оңалту емі бойынша 10 медициналық ұйымда көмек көрсетіледі. Оңалту емі негізгі 3 бағытта — неврология-нейрохирургия, кардиология-кардиохирургия және ортопедия-травматология бейіні бойынша жүргізіледі. Мәселен, мегаполисте өткен жылы 8671 бала оңалтудан өткен. Ал, нерв жүйесі аурулары бойынша диспансерлік есепте тұратын 7975 баланың 5508-і, яғни 69 пайызы ем алған.
— Біз Қазақстанға, оның ішінде Шымкент қаласына оңалту орталықтарындағы мамандармен іскерлік байланысты нығайтып, тәжірибе жинақтау мақсатында келдік. Бүгін №1 оңалту орталығының басшылығымен меморандумға қол қойдық. Екі жақты келісім арқасында бір-бірімізден үйренеміз көп болары сөзсіз, - дейді орталықтың Медициналық туризм бөлімінің меңгерушісі, дәрігер-эндокринолог Сирожиддин Холмуминов.
Қаладағы 18 жасқа дейінгі балаларды емдеуге бағытталған №1 оңалту орталығында бүгінде неврологиялық ауруға шалдыққан 110 бала ем алуда. Өзбекстандық мамандар осында емделіп жатқан кішкентай пациенттердің емделу әдісімен танысты. Орталық мамандарының айтуынша, «Кинестетикс» әдісі сал аруына шалдыққан науқастардың тірек қимылын қайта қалпына келтіруді реттеп, оңалту емінде нәтижелі жұмыс істеуге септігін тигізіп отыр. Оңалту ісіндегі тың әдісті кеңінен қолданып отырған шымкенттік дәрігерлер оның артықшылығы жайында өзбекстандық мамандарға кеңінен түсіндіріп берді.
Жиын соңында Өзбекстан Республикалық мамандандырылған терапия және медициналық оңалту ғылыми-тәжірибелік медицина орталығының директоры Б.Аляви мен Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №1 оңалту орталығының бас дәрігері Н.Тоқбергенов ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Меморандум өзара кәсіби және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ медициналық туризм саласындағы тәжірибе алмасуға мүмкіндік бермек.