Диана Жайлаубаева 6 жылдан бері қолөнер бұйымдарын жасауды кәсіп етіп келеді. Өзі әзірлеген бұйымдарды әлеуметтік желі арқылы ұсынып жүрген үш баланың анасы кәсібін әрмен қарай дамыту үшін мемлекеттің қолдауына жүгінді, -деп хабарлайды Shymkentaqparat
Диана экономика бойынша жоғары білімі бар. Қазіргі кәсібі бала күннен қызығушылығы мен қолөнерге деген қабілетінен туындаған. Ұлттық нақышты заманауи үлгіде үйлестіре білген шебер моншақтан тізілген бұйымдар әзірлеп, кесте тігеді. Қолымен өндірген бұйымдар арасында бас киім, сөмкелер және өзге де әшекей бұйымдар бар.
Әрі бала тәрбиелеп, әрі үйде отырып өз-өзін жұмыспен қамтыған шебер қалалық жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеліп, қосымша «Бастау бизнес» оқу курсын тәмамдайды. «Қолөнер бұйымдарын жасау ісі» бойынша қайтарымсыз грантқа өтінімін білдіріп, комиссияның шешімімен құжаттары мақұлданған. Нәтижесінде 200 АЕК(555 650 тг) көлемінде мемлекеттік грант жеңіп алды.
Ол «Еңбек» бағдарламасы аясында берілген қаржыға тігін машиналары, манекендер мен тағы да басқа қажетті заттарды сатып алып, қолөнер студиясын ашқын. Қазіргі таңда Диана мұнымен шектелмей алдағы уақытта қолөнер шеберханасын әрмен қарай дамытуды жоспарлап отыр.