ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ МӘСЛИХАТЫ ДЕПУТАТТАРЫ МЕН ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІ ӨТТІ
«Әкім бол, халқыңа жақын бол!» деген нақыл Президент жарлығымен бекігелі бері әкімдердің халыққа есеп беру форматы да өзгеріп келеді.
Бүгін Шымкент қаласы, Еңбекші ауданының ауданының әкімі Досбол Есілбек бірқатар басқарма басшыларын жинап, аудан тұрғындарына есеп берді. Жергілікті халық билікпен кездесіп, өзекті мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар жиынға Шымкент қаласы Мәслихатының депутаттары да қатысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықты толғандыратын өзекті мәселелер және жергілікті биліктің атқарған жұмыстары талқыланды.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрайымы Альбина Елшиева баяндама жасап, мәслихаттың атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Ол жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қабылданған шешімдер мен жобалар жайында баяндап, бірқатар маңызды мәселелердің шешім табуы жолында жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті.
Өз кезегінде Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2024 жылғы атқарылған жұмыстарға есеп беріп, ауданның даму бағыттары, жүзеге асқан жобалар және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның баяндамасында инфрақұрылым, жол жөндеу, абаттандыру, коммуналдық қызметтер және әлеуметтік мәселелерге тоқталды.
Кездесуге жиналған көпшілік те өздерін мазалаған сауалдарын қойып, аудандағы қордаланған мәселелерді көтерді. Тұрғындар көбінесе жол жөндеу, қоғамдық көлік қозғалысы, ауыз су және электр энергиясының тұрақтылығы, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі сияқты мәселелерге тоқталды. Дегенмен халықтың билікке, атқарылып жатқан істерге риза екендіктерін де жеткізді.
Жергілікті билік өкілдері тұрғындардың барлық сұрақтарын назарға алып, кейбір мәселелерді шешу бойынша нақты жауаптар берді. Сонымен қатар, аудан әкімдігі мен мәслихат депутаттары тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейтіндерін айтып, халық көтерген мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп жатыр.
Бұл кездесу тұрғындар мен билік арасындағы ашық диалогты нығайтуға бағытталған маңызды іс-шара болды. Мұндай жиындар халықтың талап-тілегін ескеріп, өңірді дамытудағы өзекті мәселелерді шешуге үлкен септігін тигізбек.
«Шымкент келбеті»