Бүгінгі өткен Шымкент қаласы мәслихатының ХХХ сессиясында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал ететін маңызды мәселелер қаралды. Сессияда кәсіпкерлікті қолдау, салық саясатын жетілдіру, ономастика және тарихи нысандарды тиімді пайдалану бағытындағы бірқатар шешімдер қабылданды. Жиынды әдеттегідей мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізді.
Сессияның негізгі мәселелерінің бірі – арнаулы салық режимінде оңайлатылған декларациямен жұмыс істейтін кәсіпкерлердің салығын 4 пайыздан 2 пайызға төмендету бастамасының нәтижелері болды. Бұл өзгеріс 2024 жылы қала әкімінің бастамасымен енгізілген еді. Сол кезде салықтың төмендеуі бюджет кірісіне кері әсер етпей ме деген сұрақтар туындаған болатын. Алайда статистикалық деректер жағдайдың керісінше өрбігенін көрсеткен. 2023 жылы осы бағыттан бюджетке 9 млрд теңге түскен болса, салық мөлшерін екі есе азайтқаннан кейін керісінше түсім 2,6 есе артып, 24,6 млрд теңгеге жеткен.
– Бұл көрсеткіштердің артуы кәсіпкерлердің ашық жұмыс істеуге және декларацияға өз еркімен өтулеріне байланысты. Жеңілдетілген режим бизнеске сенімділік беріп, көлеңкелі айналымды азайтқан. Нәтижесінде мемлекет те, кәсіпкерлер де, жалпы халық та ұтқан. Биылғы он айдың қорытындысы бойынша аталған бағыттан 31,2 млрд теңге түсіп, өсім жалғасып отырғаны байқалады. Қазіргі таңда 8000-ға жуық кәсіпкер 2 пайыздық төмендетілген салықты пайдаланып отыр. Бұған қоса, бұрын салық төлеушілердің 7 санаты болса, қазір олар 3 санатқа біріктіріліп, жеңілдетілген режимге өту мүмкіндігі 94 мың кәсіпкерге берілді. Жалпы есеппен алғанда 102 мыңнан астам кәсіпкер осы мүмкіндікті пайдалана алады, – дейді Мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
Сонымен қатар бұл шешімнің қаланың дамуына айтарлықтай серпін беретінін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлердің жағдайы жақсарса, қала экономикасы да өркендейді. Қазірдің өзінде Шымкентте 140 мыңға жуық тіркелген бизнес нысаны болса, оның 90 мыңы белсенді жұмыс істеп тұр.
Сессияда ономастика мәселелері де қаралды. Атаусыз көшелерге ұлттық мазмұны бар, халыққа жақын атаулар беру жөніндегі бастамалар қолдау тапты. Тарихи құндылығы бар ғимараттарды жалға беру бағаларын өзгеріссіз қалдыру жөніндегі шешім талқыланып, тарихи нысандардың сақтау мен тиімді пайдалану мәселесіне мән берілді.
Жиын барысында қала әкімдігінде болған кадрлық ауыс-түйістер де сөз болып, жаңа құрамға сәттілік тілегі айтылды. Сессия жұмысына қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысып, қабылданған шешімдердің мәні мен күтілетін нәтижелерге тоқталды. Ол кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған бұл қадамдардың қаланың экономикалық белсенділігін арттыруға оң әсер ететінін жеткізді. Сессияда қабылданған шешімдер мегаполистің кәсіпкерлік әлеуетін күшейтіп, экономикалық өсімге жаңа мүмкіндік беретіні атап өтілді.
«Шымкент келбеті»