Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясы өтті

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясы өтті

Бүгін жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс оныншы сессиясы өтті. Оған қала әкімі М.Әйтенов, мәслихат хатшысы Б.Нарымбетов және халық қалаулылары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты.

Күн тәртібіне сәйкес 2 мәселе қаралды: «2021-2023 жылдарға арналған Шымкент қаласының бюджеті туралы» мәслихат шешіміне өзгерістер енгізу, мәслихат хатшысының атқарған жұмыстарының есебі.

Сессияда сөз алған қала әкімі бюджетте үнемделген қаржының инфрақұрылымдық мәселелерге жұмсалатынын жеткізді.

- Бүгін маңызды шешімдер қабылданды, бюджет нақтыланды. Қала бюджеті 491,6 млрд. теңгеге жетті. Оның 25,3%-ы – даму бюджеті, 74,7%-ы – ағымдағы шығындар. Биылғы жылға арналған бюджеттен үнемделген қаржы инфрақұрылымдық даму, өзге де маңызды жобаларды іске асыруға қайта бағытталатын болады. Бұл өзгерістер бюджетті сапалы және толық игеруге мүмкіндік береді, - деді шаһар басшысы.

Мәслихат депутаттарымен қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін 80-нен астам шешімдер қабылданғанын баяндаған қала әкімі депутаттардың жұмысына алғысын айтты. Жолдауда белгіленген 25 нақты міндетті, қаланың тұрақты дамуы үшін нақтыланған 10 Ұлттық жобаны жүзеге асыруда депутаттар корпусымен нәтижелі жұмыстар жүргіземіз деген сенім білдірді.