Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау Әл-фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылып, оған мәслихаттың тұрақты комиссия төрағалары мен Шымкент қаласы әкімдігінің басқарма басшылары қатысты.
Жеке қабылдаудың басты мақсаты – тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық, инфрақұрылымдық және құқықтық мәселелерін тыңдап, олардың шешу жолдарын нақтылау. Бұл шара азаматтардың өтініштерін жергілікті деңгейде тиімді қарастыруға, мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға бағытталған.
Қабылдау барысында қала тұрғындары түрлі бағыттағы мәселелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Ф. Бейсенова балабақша құрылысына сараптама (экспертиза) қорытындысын алу барысын жеделдету қажеттігін айтты. Ә. Тәуекел денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер мен тұрғын үй алу мәселесін көтерді. Т. Зарочинцева тұрғын үй құрылысына арналған жер телімін заңдастыруға байланысты туындаған қиындықтар туралы баяндады. Ал А. Подвиг спорт мектебіне Кеңес Одағының Батыры Ережеп Молдабаевтың есімін беру жөнінде ұсыныс жасады. Сондай-ақ, С.Ақжігіт жастар арасында патриоттық тәрбие мен рухани құндылықтарды арттыру мақсатындағы іс-шараларға мемлекеттік қолдау көрсетуді сұрады.
Мәслихат төрағасы Б. Нарымбетов әрбір азаматтың өтінішін мұқият тыңдап, мәселенің мән-жайын жауапты басқарма басшыларымен бірлесе отырып талқылады. Тұрғындарға өтініштердің шешілу тәртібі мен заңнамалық негіздері түсіндіріліп, нақты іс-шаралар жоспары жасалды. Қабылдау қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер өз шешімін тапты, ал зерделеуді қажет ететін өтініштер тиісті мемлекеттік органдарға жолданды. Мәслихат төрағасы азаматтар көтерген барлық мәселелердің орындалу барысы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сонымен қатар, Бахадыр Нарымбетов азаматтардың белсенді азаматтық ұстанымын ерекше атап өтіп, тұрғындармен тұрақты байланыс орнату – жергілікті билік жұмысының негізгі бағыты екенін жеткізді.
«Әрбір тұрғынның ұсынысы мен пікірі біз үшін маңызды. Азаматтармен осындай ашық кездесулер арқылы нақты мәселелердің шешілуіне жол ашамыз», - деді мәслихат төрағасы.
Шымкент қаласы мәслихаты алдағы уақытта да азаматтардың өтініштерін қарау, қоғамдық бақылау мен кері байланыс тетіктерін нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
«Шымкент келбеті»