Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды онлайн режимде қабылдап, тұрғындардың баспана, әлеуметтік, инфрақұрылым және т.б., мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шаһар басшысы мәселелердің шешімін табу жолында жұмыс атқарылатынын айтты. Онлайн қабылдауда Самал-3 шағынауданының тұрғыны Теңге Аришова баспана мәселесін көтерді. Алайда тұрғынның мұраға қалу шарты негізінде Самал-3 шағынауданы №498 тұрғын үйі тіркелгені анықталып отыр. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу үшін, азаматтың отбасы мүшелерінің иеліктерінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі, яғни болмауы тиіс.
Қабылдау барысында Шаңырақ елді мекеніндегі Көктөбе көшесін асфальттау жұмыстары, Жұлдыз тұрғын алабындағы кәріз жүйесі, Қарабастау тұрғын алабындағы ауыз сумен қамту мәселелері айтылды.
– Тұрғындарды қабылдау, арыз-шағымдарын тыңдау – қала әкімі ретінде басты міндетім. Орындалу барысы жіті қадағалауымда болады. Шағымдарды саралай келе әр апта, әлеуметтік желіде пост жариялап, жұма сайын тікелей эфирге шығып тұрамын. Жариялаған посттардың астындағы жазбаларыңыз үнемі бақылауымда. Байқағаным, қабылдауыма жазылғысы келетін қала тұрғындары көп. Өкінішке қарай, карантиндік талаптарға сәйкес, әкімшілікке келіп қабылдауыма жазылу мүмкіншілігі әзірге болмай тұр. Кестеге сәйкес әр айдың бірінші сәрсенбісінде сіздердің сұрақтарыңыз бен арыз-шағымдарыңызды тыңдауға әзірмін, – деді қала әкімі.
Қала әкімі онлайн қабылдау барысында басқарма басшылары және аудан әкімдеріне мәселерді шешу үшін тиісті тапсырмалар жүктеді.