Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалалық білім басқармасының алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебін тыңдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat қала әкімінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Басқарма басшысы берген ақпаратқа сәйкес, қала бойынша барлығы 526 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеп, оларға 67 мыңнан астам бала қамтылған. Оның ішінде 3-6 жас шамасындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу көрсеткіші толықтай орындалса, 1-6 жас аралығындағы балалардың қамтылуын жыл соңына дейін 86,2 пайызға жеткізу көзделген.
Қаланың 79 балабақшасында инклюзивті білім беруге жағдай жасалып, логопедтік пункттер ашылған. Мектеп оқушыларын қосымша біліммен қамту бағытында мәдениет, спорт саласындағы ұйымдармен ықпалдастық орнап, 5 аула клубын ашу жұмыстары басталған.
Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биыл 32 мектептің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы мемлекет есебінен жүргізілсе, 20 мектепті жеке инвесторлар салуда. Биыл 20 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде апатты мектеп мәселесі түпкілікті шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9 мектепке төмендейді.
Қала мектептерінде 263 пән кабинеттерін жабдықтау жұмыстары басталған. Оқушылардың компьютермен қамтылу көрсеткіші артып, 28 мектеп жанынан спорт алаңдары ашылмақ. Білім беру ұйымдарына бейнебақылау камералары, турникеттер орнатылуда.
Салада атқарылып жатқан жұмыстармен танысқанқала әкімі Мұрат Әйтенов қала қарқынды түрде өсіп жатқанын,оның ішінде ішкі миграциямен тұрақтап жатқан халық саны артып отырғанын назарға алып, білім беру жүйесінің жұмысында осы фактор міндетті түрде ескерілуі керектігін айтты.
Адами капиталдың әлеуетін арттырудағы бірінші қадам – мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру екендігіне көңіл бөліп, алдағы жылдары салынатын балабақшалар санын арттыру жөнінде талап қойды. Бұл саланың бизнеске бейімделуі сәтті өткенін айтып, жекеменшік балабақшалар қызметін ұйымдастыруды ұтымды жүргізуді тапсырды.
Мектеп оқушыларының қосымша біліммен қамтылуын назарда ұстап, мектеп оқушыларының білім көрсеткіштерін арттыруда мектеп басшыларының, педагогтардың жұмыс көрсеткіштерін бағалау критерийлерін әзірлеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдауды жүктеді.
Мектептердің оқушы жүктелімдерін теңестіру қажеттілігін айтып, бұл бағытта ортақ ұстаным қалыптастыруды тапсырды. Білім беру ұйымдарының қауіпсіз орта болып саналуы үшін қолда бар барлық мүмкіндіктер қарастырылып, цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалану тиімділігіне тоқталды.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы жаңа оқу жылына дайындық барысында оқулықтардың уақтылы жеткізілуін бақылауда ұстап, білім беру ұйымдарының жылыту маусымына әзірлігін ерекше қадағалауды жүктеді.