Шымкент: өрт қауіпті кезеңде 42 ерікті топ құрылды

Шымкент: өрт қауіпті кезеңде 42 ерікті топ құрылды

Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев мәлімдеді.

– Шымкент қаласында жыл басынан бері 59 өрт оқиғасы болып, қаза тапқандар тіркелген жоқ. Аталған көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда жоғары деңгейді көрсетіп тұр. Бұл – үгіт-насихат жұмыстарының кеңінен жүргізіліп жатқандығының нәтижесі. Яғни, аптасына екі-үш рет таңғы және кешкі уақытта 28 телеарнада өрт қауіпсіздігі туралы түсініктеме-хабарлама береміз. Одан бөлек, орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты мониторинг пен профилактикалық, рейдтік іс-шаралар, ал орман және шаруа қожалықтарының қызметкерлері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырмыз, – деді М.Жақсыбаев.

Мадияр Есенгелдіұлының сөзінше, жыл басынан бері қала аумағында табиғи өрт тіркелмеген. Дегенмен аулаларда құрғақ шөп жану оқиғалары болып отыр. Мәселен, Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімдері мамыр айының мереке және демалыс күндері құрғақ шөптің жану оқиғаларына 25 рет шыққан.

Айта кетейік, орман-дала өрттерін жедел сөндіру үшін жергілікті атқарушы органдар қала аумағында өрт қауіпті кезеңде 42 ерікті өртке қарсы құралым құрған. Оның жеке құрамында 405 адам, 69 бірлік бейімделген техника және 14 бірлік мотопомпасы бар. Ал Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде жоғары өтімді 24 бірлік техника (негізгі 11, арнайы 7, қосалқы 6) және 100 адам жеке құрамы дайындыққа келтірілген.

Фото: Самат Мырзалиев