ШЫМКЕНТ: ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА
Шымкент қаласында тұрғындарды табиғи газбен қамту мәселесіне ерекше мән беріліп, бұл саладағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.
Бүгінде қаладағы 81 елдімекеннің 60-ы толық газбен қамтылған, ал 20 елдімекен тұрғындары жартылай газға қосылған. Шаһарда газбен қамтамасыз ету деңгейінің артуы және жаңа құрылыс аумақтарын газбен қамту жұмыстары қала тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік мәселе болып табылады.
Осы орайда, 2024 жылы 15 нысанның құрылысы жүргізілді. Атап айтқанда, Қайнарбұлақ 1 және 2-кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қайтпас-1 (6 көше), Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл, Қарабастау, Қайтпас-1 мен Тұран, Тассай шағын ауданы арасында орналасқан тұрғын үйлер, Жұлдыз-Жалын, Достық шағын аудандары.
Ал, жыл қорытындысымен 9 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Олар - Қайнарбұлақ 1,2 кезең, Ынтымақ-2, Бозарық 1,2,3 кезең, Еламан, Қаратөбе, Тәуелсіздікке-20 жыл. Нәтижесінде 90 мыңнан астам адам табиғи газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік алып, қамту деңгейі 96%-дан 97%-ға өсті.
Биыл өтпелі 6 нысанның құрылысы аяқталады. Оның ішінде Тассай, Қарабастау, Жұлдыз-Жалын, Достык, Қайтпас-1 мен Тұран шағын ауданы арасында орналасқан тұрғын үйлер және Қайтпас-1 (6 көше) табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.
Сонымен қатар, осы жылы жаңа құрылыс аумақтары Қызылжар-2, Жанаталап, Алтынтөбе, Құрсай тұрғын алаптарында газ жүйесінің құрылыс жұмыстары басталады. Оның ішінде, Қызылжар-2 шағын ауданында (әуежай маңы) газ жүйесінің құрылыстары басталды.
Содай-ақ, қаланың даму жоспарына сәйкес, алдағы жылдары 1 жаңа станция және айналма магистралды газ құбырының (АГРС-5) құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі деп жоспарлануда. Бұл қала халқын табиғи газбен толық қамту бойынша қабылданған шаралардың бір бөлігі болып табылады.