Шымкент жастар театрында көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Әпке» атты драмалық қойылымының көптен күткен премьерасы өтті. Көркем туындыны тамашалауға келген көпшіліктің қарасы қалың болды. Театр залы көрерменге лық толып, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар мен қала қонақтары ерекше тағатсыздана жиналды.
«Әпке» драмасы – тағдырдың талай сынына мойымай, бауырларын аман-есен жетілдіру үшін өзінің арман-мақсатын құрбан еткен аяулы әпкенің жүрек тебірентер өмірі туралы. Қойылым отбасы жылуы, мейірім, адамгершілік сынды мәңгілік құндылықтарды алдыңғы қатарға шығарып, көрермен жүрегіне жол таба білді. Сахнада әр көрініс өмірдің өзінен алынғандай әсер қалдырып, кейіпкердің тағдырмен күресін, ішкі арпалысын көрермен сезіне білді. Шытырманға толы сәттерде көзіне жас алғандар да аз болмады. Әпкенің бауырларына деген шексіз мейірімі залдағы әр адамға әсер етті.
Қойылымның көркемдік жетекшісі – мәдениет саласының үздігі Мөлдір Айдарқызы. Оның жетекшілігімен қойылған бұл драма автордың негізгі ойын сақтаған. Ал, сахналық шешімде ұлттық мінезді, қазақы тәлім-тәрбиенің бояуын және тұрмыстық шынайылықты үйлесімді тоғыстырды. Премьераның басты ерекшелігі – басты рөлді Мөлдір Айдарқызының өзінің сомдауы болды. Оның жүректен шыққан шынайы ойыны спектакльдің күрделі шешімдерін күшейтіп, көрерменді әпке бейнесімен бірге қуантып, бірге мұңайтты.
Қойылымда театрдың жас әрі талантты актерлері жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетті. Сахнадағы пластика, жарық беру, музыкалық сүйемелдеу қойылымның көркем тұтастығын арттырып, ерекше атмосфера қалыптастырды. Қойылым соңында зал толы көрермен актерлерге ыстық ықыласын білдірді. Көпшілік «Әпкені» рухани тазаруға жетелейтін, адамдық құндылықтарды қайта бағамдауға мүмкіндік беретін маңызды спектакль ретінде атап өтті.
Театр ұжымы бұл қойылымды жастардың рухани тәрбиесін күшейтуге, отбасы мен мейірім, құрмет сезімін арттыруға бағытталған туынды деп бағалайды. Шымкент жастар театры алдағы уақытта да көрерменге мазмұнды, жоғары деңгейде орындалған қойылымдар ұсынуды, ұлттық театр өнерінің дамуына үлес қосуды жалғастыра бермек.
«Шымкент келбеті»