Биыл Шымкентте қоғамдық жұмысқа 3 000-ға жуық адам түрлі мекемелер мен кәсіпорындарға жолданды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жұмыс орнымен қамтылған қала тұрғындарының бірі – Әбдірова Феруза Серікқызы. Ол 2020 жылы Шымкент қаласындағы «SILKWAY» Халықаралық университетін «Бастауыш пәні» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Жоғарғы оқу орнын бітірген жас маман былтыр қалалық жұмыспен қамту орталығында «жұмыссыз» ретінде тіркеліп, көп ұзамай «Жастар практикасы» бойынша Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне жолданды. Содан соң, бағдарламаның мерзімі аяқталған соң, биыл ақпан айында аталған мектеп-лицейіне бағдарламаның үшінші бағыты шеңберінде «Қоғамдық көмекші» ретінде уақытша жұмысқа жолданды.
Оқу бітірген соң өз мамандығым бойынша жұмыс жасағым келді. Кейін, «Жастар пратикасы» мемлекеттік бағдарламасымен, одан соң қазір «қоғамдық көмекші» бағытында жұмыс жасаймын. Болашақта білікті де білімді ұстаз болғым келеді. Сол себепті қаламыздағы таңдаулы мектептердің бірінде тәжірибе жинақтаудамын – дейді 23 жасар қала тұрғыны.
Аталған уақытша жұмысқа мүмкіндігі бар азаматтар - жұмыссыздар, халықты жұмыспен қамту орталығында 6 айдан астам есепте тұрған, жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алмайтын азаматтар.