Бұл туралы шаһардың бас ұстазы Жанат Тәжиева ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Брифингте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауы аясында басқарма тарапынан атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары сөз болды.
Баспасөз жиынында Жанат Арысбекқызы сапалы білім беру мәселесіне тоқталды. Шаһардың бас ұстазы педагогтердің жалақысын өсіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл жұмыстар 2025 жылға дейін жалғасатынын жеткізді. Осылайша, мемлекет тарапынан ұстаздарды қолдау саясаты жалғасын табатынын атап өтті.
– Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 28 519 педагог бар (б/б – 5 706, колледж – 2 332, мектеп – 19 610). Оның ішінде мектептерде 19 610 педагог жұмыс істейді (мемл. - 18 135, ж/м – 1 476). Кадрлық әлеуетті дамыту бойынша педагогтар еңбекақысын кезең-кезеңімен жоғарылауы, біліктілікті арттыру курстарынан өткізу, шеберлік деңгейі бар педагогтар үлесін және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту» мамандығы бар педагогтар үлесін арттыру жоспарланған. Атап айтқанда педагогтардың жалақылары 2020-2021 жылдары 50% қаржы ұлғайды. 2022 жылға 25% ұлғайту үшін жалпы 33 446,0 млрд.теңге қаржы қаралып отыр. Сонымен қатар, педагогтар біліктілік деңгейін көтеру тест арқылы да еңбек жалақыларын көтере алады. Аталған бағытта 2022 жылға 8 109,0 млрд.тг қаржы бағытталып отыр,- деді Ж. Тәжиева.
Брифингте Жанат Арысбекқызы білім саласындағы жағымды жаңалықтарға тоқталып, биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын атап өтті. Осы бағытта дарынды балаларды мемлекет тарапынан жан-жақты қолау көрсетілетінін оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар берілетінін айтты.
– Республикалық олимпиадалар нәтижелеріне сәйкес шымкенттік оқушылар 70 медаль иеленді. Оның ішінде 20 алтын, 31 күміс, 19 қола медаль(ғылыми жоба – 8, пәндік олимпиада -31, президеттік олимпиада -5, басқа да сайыстар – 12, спорттық сайыс – 14). Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, - деді ол.
Спикер орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығына тоқталды. Жанат Арысбекқызы үшінші мегаполистегі үш аусымды мектептердің мәселесі алдағы екі жылда толық шешілетінін жеткізді.
– Ағымдағы жылы сапалы білім беру үшін жағдай жасау, оқушы орнына тапшылықты жою мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар түзілген. Аталған жоспарға сәйкес, 2025 жылға дейін 101 мектеп құрылысы жүргізілетін болады. Оның 58-і мемлекет есебінен, 4-і мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде, 39 мектепті жеке инвесторлар салады.
Биылғы жылы 11 064 орынға арналған 24 мектеп пайдалануға тапсырылды. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Үш ауысымдағы мектептер мәселесін 2023 жылға дейін, мектеп орнына тапшылықты 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған, - деді басқарма басшысы.