ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ҚОҚЫС СҰРЫПТАЙТЫН КОНТЕЙНЕРЛЕР ОРНАТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ҚОҚЫС СҰРЫПТАЙТЫН КОНТЕЙНЕРЛЕР ОРНАТЫЛДЫ

Пилоттық жоба негізінде жүзеге асып отырған бастама алғаш болып Қаратау ауданында жүзеге асып отыр. Инвестор «DE support» мекемесі тұрмыстық қалдықтардың әрқайсысына арнап 5 түрлі контейнер орнатқан. Темір, пластик заттар мен шыны, қағаз және тамақ қалдықтарын сұрыптау үшін таңғы сағат 09:00-17:00 аралығында арнайы қызметкер жұмыс істейді.

–Тұрмыстық қалдықтарды қоқыс полигонынан сұрыптағаннан ауладағы контейнерге бөлек-бөлек салған әлдеқайда тиімді. Тұрғындар қоқыс салынған қалтаны контейнерге лақтырмай, менің қолыма әкеліп береді. Ары қарай өзім қалдықтардың түріне қарай контейнерлерге салып отырамын. Бұған тұрғындар да өз ризашылығын білдіріп жатыр, - дейді сұрыптаушы маман Петр Щукин.

Мұндай жаңалыққа тұрғындар оң көзқарасын білдіруде. Нұрсәт шағынауданының тұрғыны Раушан Жанарованың сөзінше, осы секілді жобалар өскелең ұрпақтың бойында қоқыс мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаның тазалығына көңіл бөлуге үйретеді.

–Қалдықтардың бөлек жиналғаны, оның қайта өңделетініне өте қуаныштымыз. Кейде қоқыс контейнерлерінде тамақ пен нанның жөргектермен араласып жатқанын көріп қаламыз. Ендігіде тұрмыстық қалдықтар бөлек жиналып, бөлек ыдыстарға салынады. Мұндай әдісті дамыған елдерде қолданатынын білеміз. Қаламызда тазалыққа қатысты озық жобалардың жүзеге асқанына қуаныштымыз,-дейді тұрғын.

Тұрғындар арнайы контейнерлер үшін бөлек ақы төлемейді. Инвестор бөлек жиналған қалдықтарды қайта өңдеу үшін кәсіпорындарға өткізіп, пайда табады.

–Жаңадан ашылған контейнерлерде 8 көпқабатты тұрғын үйдің тұрмыстық қалдығы сұрыпталады. Тұрғындар қалдықтарды сұрыптау мәдениетін үйренгенше арнайы бір қызметкер жұмыс істейді. Осы жоба аясында келесі айда 15 орынға осындай контейнерлерді қоюды көздеп отырмыз, - дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Парманов.

«DE support» мекемесінің директоры Роман Касымовтың сөзінше, Шымкентте тұрмыстық қалдықтың 30 пайызы ғана қайта өңделеді. Контейнерлерде сұрыптау арқылы қайта өңдеу көрсеткішті 70 пайызға жеткізу мүмкіндігі бар екенін алға тартып отыр.