Шымкентте Асанбай Асқаровтың 100 жылдығын атап өту жөнінде кеңес өтті

Шымкентте Асанбай Асқаровтың 100 жылдығын атап өту жөнінде кеңес өтті

Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл толады. Бұл Шымкент қаласы үшін аса маңызды дата деуге болады. Себебі, А.Асқаров қаланың дамуы мен көркеюінде маңызды рөл атқарған тарихи тұлға.

Бүгін Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның төрағалығымен аталған мерейтойды атап өтуге дайындық мәселелерін талқылауға арналған кеңес өтті. Басқосуға Шымкент қаласындағы зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен А.Асқаровпен бірге қызмет атқарған, ол кісіден тәлім алған ел ағалары қатысты.

– Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы жыл сайын қайталанатын мереке емес. Сондықтан оны мейлінше жоғары деңгейде атап өтуіміз керек. Асекеңнің ел үшін атқарған қызметіне, өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми конференция ұйымдастыруды ұсынамын. Ол кісінің бұған дейін 5 томдық шығармалар жинағы жарық көрген. Бәлкім, сол жинақты ықшамдап, Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» деген шағын кітапшасы сияқты етіп шығаруға болады. Сонда оны қалтаға салып жүруге де, бір-бірімізге сыйға тартуға да ыңғайлы болар еді, – деді белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт.

Алқалы жиында Жеңісбек Мәуленқұлов, Исмат Тұрсынқұлов, Алданазар Құрманбаев, Досыбай Шерімқұлов, Дәуренбек Сандыбаев, Абдулла Ахметов және Орынбай Рахманбердиев сынды елге белгілі азаматтар ойларын ортаға салды.

Кездесуді қортындылаған Шыңғыс Жұмабекұлы аға буын өкілдеріне ұсыныс-пікірлері үшін алғыс айтып, Шымкент қаласы әкімдігінің тарихи тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін барлық қажетті шараларды қолға алатынын жеткізді.