Шымкентте осы жылдың қаңтар-мамыр айларында 295 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 10,1 пайызға артқан. Ал өңдеу өнеркәсібінде 251 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 10 пайызға өскен, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингте баяндады.
– Шымкенттің 3 индустриалды аймағында алғашқы бес айда 1,8 млрд. теңгеге 274 жұмыс орнымен 4 жоба жүзеге асырылды. Осы жылдың соңына дейін инвестиция көлемі 38,1 млрд.теңгеге 754 жұмыс орны құрылып, 13 жоба іске қосылады. Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кем дегенде 1,5 есеге өсіруді тапсырды. Осы мақсатта қалада бірнеше бастама қолға алынды. Соның бірі – «Жұлдыз» индустриалды аймағы. Қазіргі таңда инфрақұрылымын қалыптастыру жұмыстары басталып кетті, деді қала әкімі.
«Жұлдыз» индустриалды аймағында құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. 200 млрд.теңгеге 5 мыңнан астам жұмыс орнымен 50 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.