19 наурыз күні Шымырлық пен шеберлік күні аталып өтті. Осыған орай үшінші мегаполисте Nauryz Fashion Day дизайнерлік сән көрсетілімі ұйымдастырылды.
Shymqala этноауылында өткен іс-шараға Қазақстан мен Орта Азияның белгілі дизайнері жиналды. Мұнда еліміздің түрлі қалаларынан келген балалар және ересектер дизайнерлерінің топтамалары көпшілік назарына ұсынылды. Мерекелік салтанатты тамашалауға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Алма Архабаева, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды.
– Бүгін біз Наурыз мерекесіне орай Nauryz Fashion Day көрсетілімін ұйымдастырып отырмыз. Мұнда Шымкенттегі өнер саласында жүрген жандар – суретшілер, дизайнерлер, қолөнершілер, арт-директорлар, құрақ құраушылар жиналды. Яғни, қаламыздағы креативті саланың өкілдері бір алаңда бас қосты деуге болады. Бұл - олардың әрқайсына өз өнері мен өнімдерін көрсетуге мүмкіндік беретін іс-шара, – деді Шымкент қалалық дизайнерлер қауымдастығының төрайымы Жанна Елтанова.
Сән көрсетіліміне Шымкент және Түркістан қалаларының, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген дизайнерлер қатысып, концерттік бағдарламаға ұласты.
Ұйымдастырушылар келесі жылғы Наурызда мұндай іс-шараны бұдан да кең ауқымда өткізуді жоспарлап отыр.