Бүгін Сайрам тұрғын алабындағы нан-тоқаш өнімдерін өндіретін наубайхана өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкенттегі ең арзан нан осында өндіріледі. Өйткені, су жаңа кәсіпорынның заманауи құрылғылары газбен жұмыс істейді.
Наубайхана тәулігіне 90 мың дана нан өнімдерінің түрлерін, оның ішінде 65 мың дана әлеуметтік нан (қалыпты бөлке нан) шығаруға қауқарлы.
Кәсіпкерлік нысанның ашылуына қатысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов дәл осындай бастамалар қазіргі нарықтық экономикада бағаны тұрақтандыратынын алға тартты.
–Мұндай жобалар қолдау тауып, басқа өңірлерге де үлгі бола білуі қажет. Наубайханадағы нан пісіретін пештер Шымкент қаласында өндіріледі. Күнделікті тұтынатын қарапайым заттардың толық өзімізде шығарылып жатқаны қуантады. Бұл бағыттағы жұмыстар өте маңызды,-деді шаһар басшысы.
Айта кетейік, 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жоба құны – 300 млн теңге.
Фото: Береке Сейітжаппар